«Тұлпар» шағын кемпингі пайдалануға берілді

(0 Votes)

Республикалық маңызы бар Атырау–Астархан тасжолының қолданысқа берілуі автокөліктік қатынасқа, туризм бизнесті, кәсіпкерлік саланы өркендетуге үлкен мүмкіндіктер берді.

Халықаралық күре жолдың бойы — нағыз табыстың көзі. Мемлекетіміздің шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауының нәтижесінде күре жолдың бойынан сан ондаған сервистік қызмет көрсету кешендері сап түзеп келеді. Тәуелсіздік күні қарсаңында асханасы және қонақы үйі бар «Тұлпар» атты шағын кемпинг пайдалануға берілді. Жолаушыларға ауқаттанып алудың, ұзақ жолдан шаршағаны болса түнемеге түсудің бар жағдайы жасалған.

Кемпингтің иесі - белгілі кәсіпкер, ауданның құрметті азаматы Өтежан Дайынов. Кешен орын тепкен Көнеу елді мекенінен бұған дейін де заманауи ет кешенін, мал бордақылау цехын салып халыққа қызмет етіп келеді. Өтежан Дайынұлы кезінде Балқұдық кеңшарының құрылыс саласына жетекшілік етті. Тәуелсіздік алған тұста жеке кәсіпкерлікке ден қойып шаруа қожалығын құрды. Кейіннен шағын бизнесін түрлендіріп аудан орталығынан «Шаңырақ» мейрамханасын ашты.

Аудан көлемінде тұрғындар игілігі үшін тұрғызылған бірқатар нысандардың құрылысын жүргізуге атсалысты. Жол бойындағы сервисті дамытуға үлкен серпін әкелетін жаңа кемпингтің ашылу салтанатында аудан әкімі Абат Жанғалиев, абыз ақсақал Өмірзақ Қажымғалиұлы кәсіпкерлік саланы өркендетіп, ел дамуына елеулі үлесіп отырған Дайыновтардың әулетіне құттықтау сөздерін айтып, жаңа нысанның лентасын қию рәсімін жасады.

Өтежан Дайынұлы болашақта кемпинг айналасын абаттандырып, тұтынушы тарту жағын ойластыратынын, жайлы автотұрақ, көлік, дөңгелек жөндеу қызметі жоспарланғанын жеткізді.

 Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT