Өткеніміз оралып, өшкеніміз жанған күн

(0 Votes)

Республика күні қарсаңында Ресеймен шекаралас жатырған елді мекен өзінің жаңа атауын дүрілдетіп тойлады.

Яғни, бұрынғы Байда ауылдық округі мен оның орталығы Котяев ауылы Бөкейхан ауылдық округі мен Бөкейхан ауылы болып өзгерді. Қазаққа Еділ мен Жайықтың арасындағы байырғы жерлерін кері қайтарған ұлы тұлға, Кіші Орданың ханы Бөкей хан Нұралыұлының сүйегі қазір Ресей жерінде жатса да, рухы риза болған шығар. Кезінде Атырау облысы тәртіптік кеңесінің төрағасы болған Мұхит Ізбанов Кіші аралда жатқан бейітінің басына алып кесене тұрғызса, енді, міне үлкен бір округ есімін иеленді. Осының өзі халық елім деп еміренген адал ұлдарын ұмытпайтынының айғағы. Салтанатты шараға жиналған, алыстан ат арытып келген ағайын, іргелес Ресейден жеткен кәсіпкерлер, аудан элитасы, аузы дуалы ақындар мен қаламгерлер, осы жерде бел шешпей еңбек еткен ақ шашты абзал жандар ауылдың шығыс жағындағы алаңда бас қосты. Мұнда екі-үш округтен бірігіп, Сафон, Бірлік, Теңіз, Шортанбай, Кудряшов, Мақаш, Нұржау, Орлы, Жаңаталап, Құрманғазы, Дыңғызыл, Қиғаш, Еңбекші, Көптоғай ауылдық округтері, Бөкейхан ауылдық округіндегі Фариза Оңғарсынова атындағы орта мектеп, клуб, округ әкімшілігі өздері бір бөлек аппақ киіз үйлерді тігіп, жайнатып қойыпты.

Ресейдің Красный Яр ауданынан келген кәсіпкерлер қой етінен кәуап дайындап, жағалай тауарларын жайып, батуттар мен әткеншектерді құрып тастапты. Бала біткен сонда. – Ресейлік кәсіпкерлерге хабарласып едік, сөзімізді жерге тастамай, осылай артынып-тартынып жетіп келді. Жыл сайын шақырсақ, жол алыстығын қаперге алмай өстіп ортамыздан табылады, - дейді аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Нұрлыбек Төлепов көңілі толып.

Алаң ортасында аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйі құрған алып сахнаның, спорттық ойындар өтетін алаңның айналасы аласа шарбақтармен қоршалыпты. Әріден ойлайтын округ әкімі Жүсіп Төреғалиев немесе басқа адам болса да «Мен көремін», деп ентелеген көрермендерге: «Қашықтау тұрыңыздар. Кедергі жасамаңыздар. Үлкен кісілердің алдын жаппаңыздар, олар да тамашаласын», деп ауыз жаппай қақсай бергеннен гөрі осылай еткен тиімді екенін жақсы байқаса керек. Жүсіп Сүлейменұлының өзі келген қонақтарын құрық ұшып қарсылап, ізгілік көрсетіп жүр. «Ата қоныс Бөкейхан» атты салтанатты шара Бөкей ханның Ресей билігіне қазақ жерін қайтаруды сұрап хат жолдаған сәтін сахналаумен басталды. Тарихи тұлғаларды бұған дейін де ортаға оралтып жүрген аудан өнерпаздары кейіпкерлерін жақсы сомдап шықты. Келесі кезекте Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Таңатар Дәрелұлының осы шараға арнайы жазған «Бөкейхан ауылы» атты әдемі әні тұңғыш рет шырқалып, тұсауы кесіліп, ауданымыздың музыка қоржынын толықтырды.

Мерекелік құттықтау сөзінде аудан әкімі Марат Мурзиев: – Округ пен ауылдың Бөкей хан атауын алуы қазақ халқының Еділ бойына қоныстануына ерекше еңбек сіңірген Бөкей ханның елімен қайта қауышқанының белгісі. Бұл бәріміз үшін қуантарлық жайт. Себебі, бүгін өткеніміз жаңғырып, өшкеніміз жанып, өлкеміз жаңарды. Біз тарихи оқиғаның куәгері болып отырмыз. Шекара іргесінде орналасқан ауыл қазақ халқының, соның ішінде Кіші жүздің тағдырында орны бөлек тұлға, ел ертеңіне алаңдап, жер тұтастығы үшін бірі және бірегейі болған Бөкей Нұралының есімін еншілеуі үлкен қуаныш, зор мәртебе деп білеміз. Жаңа атауы жақсы баспалдақтардың бастамасына айналсын, Бөкей хан атына заты сай келбетті, келісті ел болсын, - деген ізгі тілегін арнады.

311335217_1722506324796405_6113209405139384043_n

a

tsbelgi-iegerleri

Одан әрі ауылдың Бөкейхан аталуына орай шығарылған төсбелгіні ауданымыздың белгілі азаматтары Сәрсенбай Еңсегенов, Аманжан Тәкешев, Болат Жүгінісов, Мансур Қуаншәлиев, Қанат Ғаббасов, Сабыржан Сұлтанов, Нұрлығайын Нұғыманов, Зоя Мұқашева, Зейнетолла Ақпанов, Қадырбай Жармұхамбетов, Сағынжан Рахимов, Жұмақай Ғұмаров, Ержан Ғайнетов, Өтежан Дайынов, Гүлсім Тасқынбаева, Бейбітгүл Менситованың өңіріне тақты. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Нұрлығайын Нұғыманов ризашылығын білдіріп, «Уа мархабат, хан ием» атты өлеңін оқыды. Сахна төріне құттықтау және марапаттау үшін шақырылған аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов баба аты жаңғырып жатырғанына, ауылда мешіт пен мәдениет үйінің құрылысы басталғанына тоқталып, мерекелік төсбелгімен ұлығалауды мемлекеттік қызмет пен қазақ журналистикасының ардагері Асқар Ғұмаровтан бастап, жеке кәсіпкерлер, ауданда билік басында жүрген мемлекеттік қызметкерлер Есенгелді Тюмалиев, Жұмажан Шакупов, Жеңіс Әбілхайыров, Серік Сапарғалиев, Ержан Рысқалиев, Талғат Жаудин, Нұрлыбек Қалиев, Болат Бірәлиев, Гүлнар Хасанова, Қайрат Бөлеков, Марат Хасанов, Асқар Мұфтах, Зияда Жоламанова, Гүлфара Құбаева, Ұлмекен Сапарова, Бақыт Теміров, Нұрлыбек Төлепов, Базарбай Өтеулиевпен тәмамдады. Осындай марапаттау рәсімі Бөкейхан ауылдық округінің әкімі Жүсіп Төреғалиев тарапынан да жасалып, ауылға еңбегі сіңген ақсақалдар мен азамат-азаматшалардың өңірінде аталған белгі жарқырады. Ауылбасы осы шараны өткізуге қолдау білдірген аудан әкімдігіне, кәсіпкерлерге, округ жастарына ризашылығын жеткізді.

Бір шетте менмін деген жігіттер қол күресінен, кір тасы мен қой көтеруден бақ сынап, жеңімпаздардың айы оңынан туды. Ал, межеден көріне алмағандары бұл соңы емес, тағы да кездескенде маңдайым тасқа тимес деген үмітпен көңілін жұбатып жатты. Қандай шараның да сәні ән мен күй, әсем би.

Аудан эстрадасының жұлдыздары мен жас өнерпаздар қатысқан мерекелік концертте көрермен көңілінен шықты деген ойдамыз.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT