«Өренді өлкетанушы» клубының кезекті отырысын оның төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев ашып, бүгінгі басқосуда аудандағы ең үлкен округ – Құрманғазының шежіре кітабын әзірлеу барысы және бұл жұмыстарды аяқтап, баспаға дайын етіп қойған Жаңаталап ауылдық округін үлгіге алу сөз болатынын айтты.
Ауылдық шежіре кітаптың бас редакторы болып бекітілген Құрманғазы ауылдық округі әкімі Абдуррахман Муса бұл бағытта жұмыстар қолға алынғанынымен әлі де пысықтай түсетін жайттар барын қаперге берді. – Әр сала бойынша деректер жинақтауға ұсыныс етілді. Қазіргі уақытта бірінде көп, бірінде аз дегендей біраз мәліметтер жинақталып қалды. Оны бір ізге түсіріп, ықшамдау қажет болып отыр. Бұл жұмыстармен бұрындары ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болған Қадырбай ағамыз айналысып келсе, ол кісінің жұмысын тапсыруына байланысты жаңа төрғағаға жүктелді. Жақында ғана тағайындалған Жұмақай ағамызға мұндай шаруа таңсық емес деген ойдамын, - деген сөйлеуші алдағы жылдың сәуір айына дейін шежіре кітаптың сұлбасын дайын болатынына сендірді. Мұны Құрманғазы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмақай Ғұмаров та қуаттап, денсаулық сақтау саласы бойынша жып-жинақы деректер дайын тұрғанын, ал сауда саласы бойынша жинақталған материалдың көптігін алға тартты.
Сауда саласының ардагері Балапан Тайпақова өзімен ұзақ жыл әріптес болғандардың біразының мәліметін ерінбей жүріп жинақтағанын айтып, олары жинаққа енбей қалса үлкен реніш туатынын жеткізді. Алдағы жылдың мамырында сауда ұйымдарының ауданда құрылғанына 90 жыл толуына орай кітап жарық көрсе осы салада еңбек еткендерге ерекше құрмет болатынын қоса кетті. Сонымен бірге, кезінде үлкен мекеме болған тұрмыстық қажетті өтеу комбинатында істегендер ұмыт қалмаса екен деген ойын айтты. Отырыста клуб мүшелері Таңатар Дәрелов, Асқар Ғұмаров бір кітапқа жүк боларлық мәліметтер жинақталса неге демеушілер тауып бөлек жинақ шығармасқа деген ұсыныстарын жасады. Елдос Бектеміров те көтеріліп отырған мәселе бойынша өз пікірімен бөлісті. Жаңаталап ауылдық окургінің әкімі Сұңғат Бралиев ауылдың шежіре кітабы редколлегия алқасының берген жоба-жоспары бойынша дайын етілгенін, бұл жұмыстарды атқаруда өңірдің тумасы Дүйсенбек Гайсиннің көп көмегі болғанын айтты.
«Өренді өлкетанушы» клубының жиналысын Өмірзақ Қажымғалиев қорытындылап, «Өткенді білмей,бүгін жоқ» деген округтердің шежіре кітабы серияға біріктірілетін болғандықтан көлемі деңгейлес, мұқабасы бір тектес болуы тиіс, адамдармен қатар, жер-су атаулары мен табиғаты да қалыс қалмағаны абзал деген талабын жеткізді.
Айбек МЕЙІРМАН