Түйе баққанның тынысы кең

(0 Votes)

«Төрт түліктің төресі – түйе» деп мәртебесін аспандатқан қазақ халқы Ойсылқара тұқымын ерекше бағалағанын білеміз. Түйе өсіру  қазақтың қанында бар, жанына жақын ата кәсіптің бірі. Мінсең көлік, жесең ет, ішсең сусын, кисең киім болатын көнбіс жануардың бабын ежелден жетік білгендер бар нәсіп-нәпақасын дәл осы кәсіптен тапқан.

Бүгінде қой, жылқы немесе сиыр бағумен айналысып жүрген шаруаларды жиі кездестірсек те, түйе малын бағуды қолға алған жандарды сирек жолықтырамыз. Сайын далада сол маң-маң басқан, шудаларын шаң басқан түйе малын бағып, абырой биігінде болғандардың басына майталман малбегілер Рахмет-Зоя Хайрушевтарды қоямыз.

Бақыт-байлығын еселі еңбектен тапқан ерлі-зайыптылар талай жыл Жаңаталап, Нұржау ауылдық округтеріне қарасты шаруашылықтарда түйе малын бақты. Отағасы Рахмет ат жалын тартып мінген шақтан осы кәсіпке ден қойды. 1974 жылы сол өңірдің өзіндей шаруақор қыздарының бірі Зоя Шөкешовамен шаңырақ құрды.  Туған жер төсінен табан аудармай еңбек етуді мақсат еткен жас жанұя бұл іске бірлесе маңдай терді төкті. Рахмет ағамыз 1976 жылдан аға түйе бақташысы, Зоя апамыз оның сенімді көмекшісі болып,  1980, 1982, 1984 және 1985 жылдары ауданның чемпион түйешісі атанды. Әулеттің үлкендерінен бата алған шаңырақ 2 ұл, 4 қызбен толықты. Нарықтық қатынасқа көшкен алғашқы жылдардан-ақ  шаруа қожалығын құрып, жас мемлекетте ауыл шаруашылығының, кәсіпкерлік саланың өркендеуіне сүбелі үлес қосты. Ата кәсібін 2021 шейін дөңгелетіп ұстап, құт болып дарыған түйешінің ноқтасын ұлына табыстады.

Жақында Рахмет-Зоя Хайрушевтар отбасы отау құрғандарына жарты ғасыр толуын және отанасының 70 жастық мерейтойларын атап өтті. Мерейлі датаға орай Нұржау ауылдық округінің әкімі Мұрабек Мұғалім қабылдап, құрметін көрсетті. Зор ілтипатқа толы алғыс хатын табыстап, Рахмет ағаның иығына зерлі шапан жапты. Зоя Шөкешованың өңіріне ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағының «Елеулі еңбегі үшін» медалін қадады. Қабылдауда ауылдастары атынан ардагер ұстаз Жібек Қисымова, ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Алғаязов, Таңатар Дәрелов, Жұмақай Ғұмаров, Әділбек Каламов, Асқар Аманғалиев, Сәрсенбай Салыховтар сөз алып, мерейгерлердің мерейін тасытар естеліктер мен тілектер легіне кезек берді.

Айбек МЕЙІРМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT