Бүгінде ауданымызда «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көріп отырған жеке кәсіпкерлер аз емес. «AMANAT» партиясы аудандық филиалының сектор меңгерушісі Ақынжан Хұсайынов, «Атамекен» ҰКП аудандық филиалының директоры Нұрдәулет Дәреловпен осындай шаруагерлердің бірінде – тіс емханасында болдық.
Тіс ауырса бірден жүйкеге тиеді. Ол қолдан емдеуге де көне бермейді. Амал жоқ, стоматолог дәрігердің көмегіне жүгінесің. Өйтпеген жағдайда күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қаласың. Сондықтан, ауданымызда тіс дәрігерлерінің көбейе түскені халық үшін тиімді. Жүйкеңді жұқартқан ауруды емдетуге барсаң, көп күтпейсің.
Жеке кәсіпкер, тіс дәрігері Серік Сужиков 2019 жылы Алматы қаласындағы Қазақстан-Ресей медициналық университетін бітірген білікті маман, ақ халатты абзал жан. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау филиалының «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша 6 пайыздық несие алып, стомотология кабинетін ашқан.
– Бұрынғы орнымыз, 2023 жылдың аяғында ашқан стомотология кабинеті келушілер көбейе бастаған соң тарлық етті. Мұнда екі дәрігер, бір медбике жұмыс жасайды. Бізге зертхана да қажет еді. Сондықтан, 2024 жылдан бастап «Атамекен» ҰКП аудандық филиалының директоры Нұрдәулет Дәреловке шығып, отырған орнымызды кеңейте түспесек болмайтынын жеткіздім. Сөйтіп, жыл басында «Ауыл аманаты» жобасының «Іскер» бағдарламасы бойынша 2 пайыздық несиеге қол жеткізіп, жаңа құрылғылар алып, жұмыс орнымды кеңейтіп, игілігін көріп отырмын. Іргемізден, осы ғимраттан қосымша кабинет аштық. Мұнда зертхана, керамика пеші, қатты гипс кесетін, басқа да стоматологиялық құралдар бар. Сонымен қатар, тісті протездеудің жаңа түрі қосылды. Керамика тістер, жұмсақ протез дегендер бұрын болған жоқ. Техник алынып, зертхана ашылды. Тісті егеу, жүйке тамырын алу, емдеу жүзеге асырылады. Үш кабинетте емдеп, суырып, тіс салып, балалар мен ересектерге қызмет көрсетеміз. Қазір он адамды жұмыспен қамтып отырмын, – дейді Серік Рахметоллаұлы.
Қанат ҒҰМАРОВ