Дәрігер – адам өмірінің шырақшысы іспетті. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса, ақ халатты абзал жандардың көмегіне жүгінуге асығамыз.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді халқымыз. Алайда осы мақалға аса ден қоймайтынымыз өкінішті. Бір басталса, жаныңды шырқыратып жіберетін тіс ауруы екеніне ешкімнің дауы тумас. Осындай қысылтаяң сәтте жалғыз арқа сүйейтініміз, әрине – тіс дәрігерлері. Стоматология - тарихы тереңде жатқан медицинаның маңызды бір саласы.
Мәртебелі мамандықтың білгірі Серік Сужиковтың аудан тұрғындарына есімі жақсы таныс. Оған себеп те жоқ емес. Ауыз қуысында қандай да бір мәселе туындағанда көпшілігі осы дәрігерді іздейтін болған. Кейіпкердің өзін сөзге тартқанымызда бұл жауапты іске қызығушылығы бала кезден қалыптасқанын білдік. Әкесі Рахметолла Сужиков те стоматология саласы бойынша бақандай 30 жыл халқына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан еңбек ардагері екен. Асқар тауына қарап, арманына қанат байлаған жан Алматыдағы Республикалық Жоғары медициналық колледжіндегі «Стоматологиялық ортопедия» факультетіне оқуға түседі. Алған білімін жалғап, Қазақстан-Ресей медициналық университеті «Стоматология» факультетінде интернатурасын тәмамдайды. Жас маман «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудандық орталық ауруханаға жұмысқа орналасып, сол жерде 8 жылын ем іздеушілердің сенімін ақтауға арнайды.
Одан соң былтырғы жылдың 5 ақпанында «SSS Stom» атауымен жеке тіс емханасын ашады. Бұған бірнеше шақырым алыста жатқан қалаға сабылмай-ақ, ауылымыздан қажетті медициналық көмекке қол жеткізсе деген жерлестеріне деген жанашырлығы түрткі болыпты. «Кәсіпкерлікті қолдау» мемлекеттік бағдарламасымен субсидия алып, емхананы сұранысқа ие құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткен. Іші заманауи үлгіде жасақталған ғимарат екенін есіктен ене бере байқайсыз. Мұнтаздай ақ жерде сыпайы мамандардың саулығыңызды сұрағанынан-ақ жаның жылып сала береді.
Еркеназ Қалижан
Материалды толығырақ «Серпер» газетінен оқи аласыздар!