С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Қайрат Нұртаев өзінің орынбасарлары және дербес бөлім басшыларымен тұрғындарға арнап «Ашық есік» күнін өткізді.
Қабылдауда болған Теңіз ауылдық округінің тұрғыны В.Латышов ауылдағы зираттарды қоршау және өзінің жеке мәселелерін көтерсе, Құрманғазы ауылы Тұрақбаев көшесінің бір топ тұрғындары жол және жарық сынды ортақ проблемаларын айтып, аудан әкімінің орынбасары Жастілек Хасановтан көмек сұрады. РТС ауылының тұрғыны, І топ мүгедегі М.Мұратқалиев бүгінгі күнгі қажеттілігіне орай тұрғын үйіне жайлы жағдай жасап беруді өтінді.
Аудан басшысы Қ.Нұртаев округ әкімі Мұрабек Мұғалімге баспананы барып көзбен көріп, өзіне ұсыныс беруді тапсырды. Байтарал ауылының тұрғындары Е.Халенов, М.Мирасова сазды жол көлікпен жүруге де, жаяу жүргіншіге де қиындық туғызып отырғанын айтып, оны ретке келтірудің қандай мүмкіндігі барын сұрады. Рембаз ауылындағы жатақханада тұратын көп балалы аналар баспаналарының бүгінгі жағдайы ешқандай сын көтермейтінін, терезелері құлайын деп тұрғанын, жаңбыр жауса шатырдан су кететінін, жылу жүйесінің нашарлығын ашына жеткізіп, өздеріне тез арада көмек беруді өтінді. Бұл мәселені орынбасарларымен және бөлім басшыларымен талқыға алған Қайрат Талапұлы аналарға күрделі жөндеу жасалса ол ұзақ уақыт алатынын, заңсыз ештеңе жасай алмайтынын айтып түсіндіріп, қабылдау біткенннен кейін жатақхананың жағдайын барып көретінін қаперледі.
А.Шакупова