Тіл – достықтың кілті, ынтымақтың бастауы.
Әр ұлттың ең алғашқы қастерлі де қасиетті сипаты – ана тілі. Оны әркім көзінің қарашығындай қорғауы тиіс. Бұл, әсіресе, жастарға қойылатын басты талаптың бірі. Біздің бар болмысымыз бен ұл текенімізді дәлелдейтін тек ана тіліміз екенін ұмытпауымыз керек. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауындағы «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді» деген ұстанымына зор сенім білдіріп, тіл болашағынан мол үміт күтетініміз анық.
Панфилов атындағы жалпы орта мектебі жоспарға сай аудандық орталықтандырылған кітапханамен бірге «Тілім менің қазынам, қасиетім» атты «Тіл білгірі» сайысын өткізді. Оған жоғары сынып оқушылары құрылған «Жас ұлан», «Жас қыран» командалары қатысты. Сайыс «Мықты болсаң, тауып көр», «Жүйрік болсаң, шауып көр», «Ойлы болсаң, озып көр», «Тіл өнері», «Викториналық сұрақтар» деп аталатын кезеңдерден тұрды. Топ мүшелері тұрақты сөз тіркестерін тауып, суреттерден мақал-мәтелдер құрастырып, шешендік сөздер, фразеологизмдердің мағынасын ашудан өзара жарысты. Бұл тапсырмалар жасөспірімдердің ой-өрістерін кеңейтіп, шапшаңдық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
Аудандық мәдениет үйінің қызметкері Заря Қуанышқызы, мектептің медбикесі Жанаргүл Оралқызы, оқушы Еркемұрат Ермекұлы музыкалық сәлемдемелерін жолдап, шараның шырайын аша түсті. Мультимедиалық слайд арқылы орталықтандырылған кітапханадағы тіл туралы әдебиеттерге библиографиялық шолу жасалды.
Сайыс қорытындысымен «Жас қыран» командасы жеңіске жетсе, ойыншы Е.Ермекұлы «Тіл білгірі» атанды. Мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Берік Әнесов қатысушыларға дипломдар мен естелік сыйлықтар тапсырды. Мектеп директоры Армангүл Хилауова шараның маңыздылығы туралы сөз қозғап, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын арттыруға үлес қосып жүрген кітапхана ұжымына бірлескен жұмысы үшін зор ризашылығын білдірді.
А.Шакупова