- Аға, тілерсек деп отырғаным өкшеден жоғары тұс. Кейде ауыр жұмыс істегенде ар жағынан қанды ірің шығатын. Кемпірі, яғни біздің анамыз Насиха оны мақтамен сүртіп, жылы сумен шайып, мәрлімен орап «біразырақ дем ала тұр» дейтін оған. Осы көріністі барлық балалары – біздер ес біліп етек жапқалы көріп өстік. Баламыз ғой, онша мән бермеппіз, тілерсекте мина жарқыншағы қалып қойған.
- Оны неге алып тастамады екен, - сұрағымды қойдым алдымда отырған марқұм Мұғиын майдангердің ұлы Асқар ініме.
- Бертін келе сіздің осы сұрағыңызды әкеме көзі тірісінде мен де қойғанмын. «Алдыртып тастауды ойлама, тұра берсін, жүйке жүйеңе қауіпті» деген әскери дәрігердің тәртібі солай, шырағым. Кейде ауыр жұмыс істегенде жарықшақ темір қозғалып, айналасын бүлдіріп, қан шығатыны содан дейтін әкем.
Сатыбалдиев Мұғиын аға әкелерімізбен, ал жұбайы Насиха апай шешелерімізбен бірге балықта, егінде қолдары күс-күс болып жұмыс жасап бізді осы күнге жеткізгендер. Мұғиын – Насиха марқұмдардан да ар-иманы таза, бір-бір шаңырақтың түтінін түзу ұшырған ұлдар-қыздар өсіп жетілді. Осы жолдардың авторы Ұлмай Сатылбалдиева Мұғиынқызымен он жыл бірге оқып, кейде бір партада отырып Нұржау орта мектебін сонау 1971 жылдың көктемінде тәмәмдаған еді. Ашық, ақжарқын, маржандай аппақ тістерін көрсетіп, сауысқанша шықылықтап күлетіні жадыда қалған. Сол жәудір көз, жарқын жүзің жұмақ төріне жарасқай еді, демей не дейін, асыл дос, ардақты сыныптасқа бүгін! Артыңда арыстай азаматыңның, алысқа түрен тартқан ұрпағыңның қалғаны ол да дәтке қуат.
Толығырақ «Серпер» газетінен оқи аласыздар