Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аймурзиева Мәншүк Құдайбергенқызының қатысуымен жиналыс өтті.
Оны аудан әкімі Қайрат Нұртаев ашып, 2018 жылдың 4 қазанында қызмет бабында жол апатынан қаза тапқан аудандық орталық емхана мейірбикесі марқұм Инаматова Тілекші Әдебиетқызын "Медицина саласының үздігі" төсбелгісімен марапаттау үшін сөзді облыстың бас дәрігеріне ұсынды.
Айта кетейік, Тілекші Әдебиетқызы 1988 жылдың 7 қаңтарында Теңіз ауылдық округінде қарапайым, көпбалалы отбасында дүниеге келген. Гагарин атындағы орта мектепті 2005 жылы ойдағыдай тәмамдағаннан кейін А.Сүндетова атындағы Атырау медициналық колледжінің "Мейірбике ісі" бөлімінің студенті атанды. Атырау қаласындағы №4 емханада мамандығы бойынша алғаш еңбек жолын бастады. 2015 жылы Құрманғазы ауылының азаматы Арман Сәрсеновпен шаңырақ көтеріп, дүниеге Әл-Әзим, Әзиза атты ұл-қызын әкелді. Марқұм Тілекші Әдебиетқызы Құрманғазы аудандық орталық емханаға 2018 жылдың 20 шілдесінде жұмысқа орналасқан болатын. Осылайша болашағынан зор үміт күттірген жас маман жұмыс бабында ауыр қазаға ұшырады.
Мәншүк Құдайбергенқызы жедел жәрдем көлігіндегі науқасқа медициналық көмегін көрсетіп, өзіне сеніп тапсырылған қызметіне үлкен жауапкершілікпен қарағанмарқұм Тілекші Әдебиетқызыныңмамандығына деген сүйіспеншілігін жоғары бағалап, осындай өз ісіне адал, ержүрек қызды тәрбиелегені үшін анасының алдында басын иді. Әріптесінің мінсіз қызметін ерлікке балап, министрлікке оны марапатқа ұсыну жөнінде хат жазғанын қаперледі. Соның нәтижесінде, ҚР Денсаулық сақтау министрі Тілекшіге "Медицина саласының үздігі" деген атақты беруді лайық көріпті. Мәншүк Құдайбергенқызы бұл төсбелгіні оның туған анасы Айсұлу апайға табыстады.
Келесі кезекте "Сенім" медицина қызметкерлері кәсіподағының өкілі Ризабек Қапсихұлы қаралы жағдайға душар болған Тілекшінің отбасы мен туғандарының қайғыларына ортақтасып, жұбату сөзін білдірді. Бұл оқиға орын алғаннан кейін, сот сараптама жұмыстары өз деңгейінде жүріп жатқанын, кінәлі тұлғалар тиісті жазасын алу үстінде екенін қаперлеп, отбасына қаржылай көмегін және балғындарына базарлықтарын ұсынды.
А.Шакупова