ТІЛ ТЕК ҚАТЫНАС ҚҰРАЛЫ ЕМЕС, ОЛ ҰЛТТЫҚ КОД

(0 Votes)

«Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деуге де болады. Себебі, ол қандайлық мамандық білімі болса да, рухани ой тәрбиесінде сыңар жақ азамат болады». ( М.Әуезов )

Тіл - ғылым кілті

Соңғы жылдары қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп келеді. Мемлекеттік бағдарламалар, білім беру жүйесіндегі өзгерістер, БАҚ пен әлеуметтік желілердегі белсенділік қазақ тілінің жаңаша дамуына жол ашты. Дегенмен, тілді дамыту мұнымен тоқтамауы қажет. Қазіргі өскелең ұрпақ жаңа нәрсені үйренуге құштар. Заманауи технологияның қарыштап дамыған кезеңінде қазақ тілінің аясын кеңейтудің де тиімді жолдарын табуға болады. Мысалы, Астана қаласындағы Ахмет Байтұр­сынұлы атындағы Тіл білі­мі институтының жас ғылыми қызметкерлері тілдің дамуына жаңа тыныс беретін смарт-өнімдерін таныстырды. Оларды «Қазақ тілі әмбе­­бап электрондық сөздігі», «Тіл­­танымдық электрондық кі­тапхана», «Қазақ мәтінін автоматты тану жүйесі», «Ақылды мәтінтүзеткіш» деп атаған. Мұндай өнімдер тілді дамытып қана қоймай, ғылыми ізденістерге  де үлкен жол ашады.

ТІлге құрмет - болашаққа көпір

Тілге деген құрмет – болашаққа салынған көпір. Қазақша сөйлейтін, ойлайтын, жазатын жаңа буын – ұлттық кодты сақтайтын басты күш. Өз тілімізге деген құрмет пен махаббат тек мектеп қабырғасында қалыптаспауы қажет. Тіл - ол сен тұратын мекен. Мекенің сенің отаның болса, “Отан отбасынан басталады”. Отанға деген, отбасыға деген сүйіспеншілік, адам бойындағы ұлтқа, тілге деген жанашырлықты арттырады. Қазақ халқы қашан да сөз қадірін өз қадірім деп түсінген халық. Сөздің қадірін, сөздің киесін білген халық тілге де аса құрметпен қараған. Себебі, тіл – қарым-қатынас құралы ғана емес, бүкіл бір ұлттың болмысы, түгел бір халықтың келбеті, тіл - ұлттың тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің бастау бұлағы, ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарымыздың мәйегі.

 ...қастерлі мұра

Қазақ тілі – әрбір қазақтың жүрегінде сақталуға тиіс қастерлі мұра. Ол – жай ғана сөздер жиынтығы емес, халқымыздың рухани жаны, ата-баба аманаты. Тілімізді ұлықтау – тарихқа, тамырымызға, өз болмысымызға деген құрмет. Тілді сақтау – ұлтты сақтау. Ендеше, қазақ тілін тек қатынас құралы емес, ұлттық код ретінде тану – әрқайсымыздың қасиетті парызымыз.

Жанна НҰРХАТОВА,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті

IV курс студенті

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT