Тігін ісіне табандылықпен кіріскен жас

(0 Votes)

Жастардың ел игілігін ойлап, қай-қай іске де қабілетті болуы- қуантарлық жағдай.

1994 жылы қарапайым отбасында дүниеге келген Арайлым Нәсіпқалиқызы 2016 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін «Экономист» мамандығы бойынша аяқтап, еңбек жолын «Жұмыспен қамту-2020»бағдарламасымен аудандық қаржы бөлімінен бастаған. 2017 жылы мәдениет бөлімінде бас есепші қызметіне орналасқан.

Кішкентай күнінен ине-жіп ұстауға деген қызығушылығы есейген шақта да қарқынын күшейткен. Жұмыс уақытынан тыс тігін оқуына жазылып, үш ай дәрістен соң өз еркімен қызметінен босап, нар тәуекелдікпен киімді кесіп-пішу кәсібін бастайды. Үш жыл ішінде Арайлымның жеткен жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай. Ұлттық нақыштағы түрлі туындылары мен жоғары сапада әзірлейтін қыз жасауы бүгінде көпшіліктің сұранысына ие. Көркемдігімен көз тартар киім-кешек тігумен қатар әшекей-бұйымдарды әсемдеу, табиғи тастардан қолөнер бұйымдарын жасаумен де айналысады.

Өткен жылдың желтоқсан айында мемлекетіміздің жастарды қолдауға бағыттаған «Zhas Project» жобасымен грант ұтып, өз кәсібін дамытуға үлкен мүмкіндік алды. Ғаламторда туындыларын сатылымға шығарып, еліміздің барлық нүктесіне тығыз байланыспен жеткізу жүйесін де шетке қалдырмаған. Осы сала бойынша әлеуметтік желіде онлайн-үйрету сабақтарын жиі өткізіп тұрады.

Үнемі ізденісте жүретін талант иесінің алға қойған жоспарлары да өте көп. Білгенімен бөлісер шәкірттерінің қатары көбейгенін қалап, белгілі бір сауда орталығында жаны қалаған ісін жалғастырып, аясын кеңейтуді армандайды. Қайырымдылық жасауды адамның ең қадірлі ісі санайтын ол жағдайы төмен отбасыларға қарым-қабілетінше көмек көрсетіп, болашақтакәсібінің ортасынан орын бергісі келеді.

Бүгінде бір әулеттің ақылына көркі сай келіні, асыл жардыңазаматы да сүйген тірлігін табан астында қалдырмауына әркез жанашырлық танытып отырады. Жақын арада алғашқы сәбиін қолына алуды күтіп жүрген Арайлымның бойындағы батылдық, байсалдылық қатарлас құрбы, кейінгі іні-сіңіліге расында да үлгі боларлықтай қасиет деп білеміз!

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT