Ломоносов атындағы жалпы орта мектепте аудандық аналар кеңесі және мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Рита Каримованың ұйымдастыруымен «Тербеліп татулықтың бесігінде» атты мерекелік кеш өтті. Оған орыс, неміс, өзбек ұлтының өкілдері Елена Гудомарова, Виктория Афанасьева, Виктория Халменова , Гюзаль Оллабергенова ұлы Адханбекпен қонақ ретінде шақырылып, оларға төрден орын ұсынылды.
Мектеп директоры Толқын Ажығалиева, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова мемлекетіміз үшін бұл мерекенің маңыздылығына тоқталып, Ассамблеяның еліміз үшін татулықтың темірқазығына айналғандығын айтты. Бір шаңырақтың астында татулықта, сыйластықта өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдерінің достығын дәріптеу мақсатында өткен шара барысында қонақтар ел шақырылған меймандар ел бірлігі, қоғамдық тұрақтылық мәселелері турасында ой бөлісті. Интернационалды отбасының мүшелері Қазақстанға қалай келгендері жөнінде өткенді еске алып, зобалаң жылдары тағдыр тәлкегіне түскен сан түрлі ұлттарға пана болған қазақ халқына зор ризашылықтарын жеткізді. Аудандық аналар кеңесінің мүшелері Жәннат Құрманғалиева, Сәркен Нұрғожина, Орынша Құмарғалиева және аудандық ата-аналар кеңесінің төрайымы, адвокат Ұлмекен Сапарова түрлі ұлт өкілдерін бір тудың астына біріктірген Ассамблеяның атқаратын рөлін тілге тиек етіп, бейбітшілігімізді баянды етуде жас буынды патриоттық рухта тәрбиелеудің маңызды екенін айтты.
А.Шакупова.