Бүгін ұстаздардың кәсіби мерекесінде біз биыл қырық жылдық еңбек өтілімін атап өтіп жатқан Құрманғазы аграрлық-техникалық колледжі директорының өндірістік оқу жұмыстары жөніндегі орынбасары, жоғары санатты арнайы пән мұғалімі Естай Жандыбаев жөнінде әңгіме өрбіткенді жөн көріп отырмыз. Бүгінде ол – теориялық сабақты өндірістік тәжірибемен ұштасыра білген ұлағатты ұстаз.
Естай Салықбайұлы 1962 жылы 8 қыркүйекте Атырау облысы Теңіз ауданында дүниеге келген. 1969-1977 жылдары Абай атындағы қазақ орта мектебінде білім алған. Ал, 1977-1980 жылдары №188 кәсіптік-техникалық училищеде «кең ауқымды тракторшы-машинист» мамандығын меңгерген. Мұнда да ол үздік білім-білігін көрсетіп, үлгілі шәкірт атанады. Сондай-ақ, 1980-1983 жылдары Ақтөбе индустриалды-педагогикалық техникумына оқуға түсіп, техник-механик және өндірістік оқыту шебері мамандығын да иеленді.
Кейін күн санап алғырлығы артып, зеректігі зерделене түскен жас жігіт 1983 жылы сол кездегі Теңіз аудандық №188 кәсіптік білім беру ұйымына өндірістік оқыту шебері болып орналасты. Сөйтіп, мамандығына деген адалдығының арқасында кәсіби өсіп, жоғары лауазымға дейін көтерілді.
Ол қол қусырып қарап отыруды жек көреді. Бір бос уақыт табыла қалса, дереу оны пайдалы кәсіп көзімен толтыруға тырысады. Мәселен, құр қарап отырмай, оқу кабинетін ең сапалы үлгіде жасап шығаратыны бар. «Оны кім қарайды, қай комиссия тексереді?» деп сұрағандарға еш шімірікпестен: «Оқушылар қарайды, солар өздеріне келіп-кетер білім алса, жетіп жатыр» деп жауап береді. Ал, шын мәнінде, «кабинет жасақтау» деген мұғалімнің сорын қайнататын жұмыс қой. Оның үстіне, трактордың әрбір темір-терсегін жинап жүруге қаншама уақыт пен төзім керек десеңізші! Ал, «Рухани жаңғыру» бағытында Естай ағамыз жаңашыл идея мен креативті ойлау қабілетін таныта білді.
Қарапайым күнделікті ашық сабақтарын жүргізуінің өзі бір ғанибет. Қандайма бір тақырыпты түсіндіру барысында басқалары ойлап таба бермейтін шешендік сөздерді қолданады. Екіншіден, жанына жақын қалжың-қағытпасы мен басқа да қабілеттерін ұтқыр пайдалана біледі. Ондағы ойы – оқушылардың қызығушылығын ояту, қалайда жалықтырып алмаудың амалын табу. Сол сияқты, мектептің ұйымдастырушылық жұмыстарымен де жата-жастана айналысады.
Сондықтан да болар, ол аз уақытта асқақ абырой мен биік беделге ие болды. Мерейі тасып, мансабы асты. Жұмыс десе алдына жан салмайтын жігіттің фотосуреті құрмет тақтасынан бір түспеді. Өйтпегенде ше? Күн-түн демей қызмет қылды. Елден ертерек төсектен тұрып, көштен кешірек көз ілді. Әріптестері мен жолдастарының зор құрметі мен қошеметіне бөленді. Әлі де болса халықаралық, республикалық, облыстық көлемде жарқын жетістіктерге қол жеткізіп келеді.
Иә, ұстаздың ұлағатты еңбегі еш кетпей, талай марапаттың да шарапатын көрді. Атап айтар болсақ, Естай Жандыбаев – «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісін, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Алғыс хатын иеленді. «Атырау ұстаздары» танымдық жинағы мен республикалық үздік білім беру мамандарының «Үздік маман» энциклопедиясына есімі енген.
Бәсекелестікке сай жаһандану заманында көршілес Астрахан қаласымен де тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатқан. Осы ретте, 2017 жылы шәкірттерімен бірге «Евразиялық экономикалық одаққа қатысушы ғылыми-практикалық одақтас елдердің перспектикалық дамуы» тақырыбындағы Х халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысқан болатын. Нәтижесінде, І орынға ие болып, арнайы дипломмен марапатталды.
Ал, 2018 жылы «Дәнекер» мамандығы бойынша кәсіби шеберлікті арттыру бойынша халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. Осылайша, Астрахан қаласындағы мемлекеттік тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық колледжі директорының Алғыс хатымен марапатталды.
2020 жылы еліміздің Білім және ғылым министрлігінің «WorldSkills» стандарттары бойынша аймақтық чемпионаттарды ұйымдастыру және өткізу процесінің негізгі аспектілері» тақырыбында №0423 сертификатын иеленді. Кәсіптік білім беру саласындағы бірнеше сабақтары мен еңбектері педагогикалық «Кәсіптік мектеп» және басқа да республикалық ғылыми-әдістемелік журналдарда жарық көрді.
Бүгінде Естай Салықбайұлынан теориялық білім алып, теңдессіз тәжірибе жинаған студенттер өңірдің ауылшаруашылық саласы мен аудан экономикасын дамытуға үлкен үлес қосуда.
Бұдан бөлек, кейіпкеріміз отбасында – аяулы жар, асыл әке, ардақты ата. Тағдыр қосқан өмірлік серігі Мейрамгүл Мұхтарқызымен бірге екі ұл мен екі қыз тәрбиелеп-өсірген. Солардан қазір немере-жиен сүйіп, балдай тәтті қылықтарын қызықтап отыр.
Тұңғышы Гаухар Астана қалалық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасында аға жедел уәкілі, полиция майоры қызметінде болып, зейнеткерлікке шыққан. Кіші қызы Самал «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамында экологиялық бақылау бөліміне басшылық жасайды. Ал, үлкен ұлы Алтынбек Астана қаласының №2 ауруханасында реанимотолог-анестезиолог болып жұмыс жасайды. Кенже ұлы Бақытбек Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық және М.Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университеттерін құқық бөлімі бойынша бітірген. Қазір жеке кәсіпкерлікпен айналысады.
Ендеше, өнегелі өмір мен ғибратты ғұмыр иелері қандай құрметке де лайық.
Әділет АМАНГЕЛДІ