«Өтелген парыз» кітабынан оқырмандар конференциясы өтті

(0 Votes)

Аудандық орталықтандырылған кітапханада Халық емшісі Дәметкен Серікбайқызының «Өтелген парыз» кітабынан оқырмандар конференциясы өтті. Ел анасының өнегеге толы өмір жолынан бір үзік сыр шертер бейнесюжет назарға ұсынылғаннан кейін кітапхана директоры, аудандық аналар кеңесі төрайымының орынбасары Анар Мусина қонақтарға қош келдіңін айтып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

«Ел анасы-Дәметкен» тақырыбындағы кітап көрмесіне шолу жасау үшін Эльвира Ислямқызына сөз берілді. Халық емшісі Дәметкен Серікбайқызының арқалы аруақ иелері атанған ата-бабалары Қарлығаш,Қазбек, Қаби, Серікбай әулиелердің құдіретті өнерлері, халқына сіңірген қисапсыз еңбектері жайлы 2002 жылы Алматы қаласы «Арыс» баспасынан «Өтелген парыз» кітабы жарық көрген еді.

Дәметкен ананың шынайы көңілден ағытылып шыққан «Өтелген парыз» кітабы – оқырман жүрегіне жол тапқан тағылымды туынды. Аудандық аналар кеңесі жанындағы «Ұлағат» клубының мүшесі Маржан Мирасова, Алма Ықыласқызы кітаптың мазмұнымен таныстырса, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Зерек Көбесқызы апайдың бойындағы асыл қасиеттеріне, оның адами келбетіне тоқталды. Ардагер-ұстаз Роза Қойшиева Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Гүлзада Ниетқалиеваның «Ел анасы Дәметкен»дастанынан үзінді оқыды.

Халық емшісінің қуатты, құдіретті емінен бойындағы дертінен арылып, жақсылық шарапатын көрген адамдар көптеп саналады. Бұл туралы ардагер кітапханашы Талшын Айдынғалиқызы, ардагер-ұстаз Наслиха Таймасқызы бастарынан өткен оқиғаларын баяндады.

Шара барысында аруақты әулеттің қасиетін ұлықтап, киелі өнерін жалғастырып отырған Дәметкен Серікбайқызының қызы Ардақтым Төлепбергенқызы сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізсе, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенқызы конференцияны қорытындылады.

Айнагүл Күнұзаққызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT