Рахмет Иманғалиевтың есімі облысымызға кеңінен танымал. Зейнеткерлікте жүріп те жазудан қол үзбей сексеннің сеңгірінен асқанша оқырман көңілінен шыққан өміршең туындыларды дүниеге әкелді.
Өткен күндерді ел санасына оралтып, көмескі тарта бастаған есімдерді ұлықтап, өшкенімізді тірілтті. Еділ–Жайық арасы мен Нарын құмын ұзақ жылдар бойы шарлаған қаламгердің назарынан ештеңе тыс қалмаған.
Елдің рухани дамуына, тарихымыздың түгенделуіне өлшеусіз үлес қосқан жазушы, журналист Рахмет Иманғалиевтың туғанына биыл 90 жыл толуына орай Еңбекші ауылдық клубы және кітапханасының ұйымдастыруымен «Текті топырақтың рухты перзенті» атты әдеби кеш өтті. Кешті мәдени қызметкер Ернар Қабиев ашып жүргізіп, Рахмет Иманғалиевтің өмірдеректері қамтылған бейнеролик көрермен назарына ұсынылды. Еңбекші ауылдық кітапханасының меңгерушісі Мүбина Қаусова жазушының шығармашылығы мен рухани мол мұрасын таныстыру үшін арнайы дайындаған кітап көрмесіне шолу жасады.
Кеш қонақтары, Рахмет ағаның бөлесі Ғайнет Ысқақов Ноғай руының тарихы, сол рудан шыққан атақты тұлғалар туралы толғаса, туысы Мырзабай Шаяхметов кейіпкердің халқы үшін атқарған бірқатар еңбектерін тізбектеді. Ақынмен бірнеше жыл әріптес болған Қыдырсиық Құсайынов жұмыс кезіндегі қызықты естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, ел ағалары Теміртас Елеусінов, Біржан Кенжебаев, Серік Алғаязов Рахмет Иманғалиевтың азаматтық болмысы, адамгершілік қасиеті, шығармашылықтағы тың жолы жайлы әсерлі сыр шертті.
Ерболат Хайроллаев Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» күйімен кештің көркін кіргізді. Еңбекші жалпы орта мектебінің оқушылары ақынның өлеңдерін нақышына келтіре мәнерлеп оқыды. Қазақстан Журналистер Одағының мүшелері Есмұхан Жанизин, Еркеназ Қалижан бірегей тұлғаға өлеңдерін арнады. Ұрпақтары атынан Балағазы Рахметұлы сөз алып, әке-ана тәлім-тәрбиесі, олардың жолын жалғаған ұл-қыз, немере-жиендерін тілге тиек етті. Сондай-ақ, кешті ұйымдастырушыларға зор ризашылығын білдіріп, шараға белсенді қатысушыларға естелік сыйлығын ұсынды. Тағылымды шараны Еңбекші ауылдық кітапханасының меңгерушісі Мүбина Қуандыққызы қорытындылап, кеш қонақтарына ескерткіш сыйлықтарды және ақын өлеңін оқыған жас бүлдіршіндерге Алғыс хат табыстап, көңілге сәуле түсірер әдеби кештер жалғасын табатынын жеткізді.
Еркеназ Қалижан