Ел егемендігінің ең басты белгілері деп мемлекеттік рәміздерді айтамыз. Желбіреген көк Туымыз, жарық шашқан Елтаңбамыз, асқақ шырқалатын Әнұранымыз ұлттық мақтанышымыз.
Осы баға жетпес құндылықтарға деген құрметті қалыптастыру, санамызға отаншылдық сезімді сіңіру, патриоттық көзқарас туғызу баршамыздың бойымыздан табылуы керек. Қазақстан Республикасы Конституциясының 34-бабында да «Әркім республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті» деп анық жазылған. Сол міндеттілікті сезіну, орындау әр қайсысымыздың қасиетті борышымыз, парызымыз.
Мақтан тұтар рәміздеріміздің өзіндік мән-маңызы барын еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін білулері тиіс. Туымыздың тұтас көк түсті болуы бейбітшілікті сүйетініміздің, бірлігіміздің, бөлшектенбейтіндігіміздің, біртұтастығымыздың белгісі екенін білгеннің өзі қандай жақсы. Ортасында қалықтаған қыран бейнесі, жарқыраған күн мен одан сәуледей таралған 32 шуақ, тігінен салынған ою-өрнек, бір-бірімен астасқанда ұлттық көрінісімізден, болмысымыздан бірден хабар береді. Күн – жарқын болашақтың, күннен тараған әр шуақ – молшылық пен аманшылықтың белгісі. Дала қыраны – кеңдік пен зеректікті білдіреді. Азаттыққа, тәуелсіздікке, биік мақсатқа, болашаққа ұмтылудың символы.
Мемлекеттік рәміздерді құрметтеп қана қоймай оның қолданысына да ерекше мән беруіміз қажет. Әр мекеме, ұйымдардың маңдайшасына орнатылған көк Туымыздың түсі өңіп кетпеуін, бүлінбеуін, биікте желбіреп тұруын бақылауға алуға да міндеттіміз. Кейбір көк тудың боз туға айналып кеткенін көріп тұрып үнсіз қалуға болмайды. Мекеме басшыларының жұмыс кабинеттеріндегі Тудың, Елтаңбаның мемлекеттік стандарттарға сай орнатылуына да мән бергеніміз абзал. Бұл елеусіз қалдыратындай ұсақ-түйек нәрсе емес. Мемлекеттік рәміздерге құрмет деген осыдан басталуы тиіс. Байқап жүргеніміздей, кейбіреуі болмаса көп жерлерде Туымыз өзінің көк түсіне сай желбіреп тұр, ал Елтаңбаның жаңа стандартқа сай өзгертілгенін көргеніміз жоқ. Бұл ерекшелеп айта кетерлік жайт.
А.Нәжімов.