Теңіздіктердің толғандырған мәселелерін тыңдады

(0 Votes)

Облыстық мәслихат депутаты Зәмзагүл Карсакова Теңіз ауылдық округі тұрғындарымен кездесіп, жыл бойы атқарған жұмыстарына тоқталып, алдағы міндеттерді саралады.

– Атырау облыстық мәслихатының  депутаты ретінде жылды қорытындылап, атқарған жұмыстарымды айтып өтейін. Атырау облысы мәслихатында жұмыс істейтін 5 тұрақты комиссия ішінде Бюджет, қаржы, экономика және өңірлік даму мәселелері жөнінде тұрақты комиссия мүшесімін. Тұрақты комиссияда бюджеттің бекітілуіне, нақтылануына, оған түсетін салық түсімдердің орындалуы, бөлінген бюджет қаражаттарын мақсатқа сай игеру мәселелеріне, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді жетілдіру жайын талқылау барысында әріптестермен бірге ұсыныстарымды жеткізіп келемін.

Жыл басынан бері облыс әкіміне, облыс әкімінің орынбасарларына, тиісті басқарма басшыларына, Құрманғазы ауданы әкіміне барлығы 11 депутаттық сауал жолданды. 2024 жылы «Аманат» партиясы жанынан 4 қоғамдық қабылдау өткізіп, оған 15 тұрғын түрлі мәселелерімен келді. Оның кейбіреуі оң шешімін тапты.

13 желтоқсан күні облыстық мәслихаттың кезекті  кезекті ХІІІ сессиясында қаралған негізгі мәселелердің бірі 2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджетті бекіту болды. Бұл – аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін басты қаржылық құжат.

2025 жылдың бюджетін қалыптастыруда  негізгі әлеуметтік саланы дамыту, инфрақұрылымды нығайту, экономикалық өсімді қамтамасыз ету, мәдениет пен спорт, төтенше жағдайдың алдын алу, қоршаған ортаны қорғау бағыттарына басымдылық берілді.

Жеке облыстық  бюджет шығыстарының жалпы көлемі жобамен  2025 жылы – 719,7 млрд.теңге сомасында жоспарланып отыр.

2025–2027 жылдарға арналған инвестициялық жобалардың ішінде 2024 жылы басталған нысандар бойынша олардың құрылыстарын жалғастырумен қатар, 2025 жылы Құрманғазы ауданы бойынша жоспарланған қаржыларға тоқталып өтсем, келісідей:

- Жұмекен, Жыланды, Үштаған, Сафон, Бірлік, дәрігерлік амбулатория құрылысына ЖСҚ байламына,

-Теңіз ауылынан мәдениет үйінің құрылысына;

-Жыланды ауылдарынан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына;

 -Құрманғазы ауылының су тазарту имараттарының құрылысына ЖСҚ жасақтауға;

-Ауданның 11 елді мекенде су тазарту имараттарына қайта жаңғыртуға ЖСҚ жасақтауға;

- Кудряшов ауылдық округі Лазо елді мекеніндегі электр желілерін қайта жаңғыртуды бастауға;

-"7 разьезд-Асан-Азғыр-Балкұдық-Сүйіндік" облыстық маңыздағы  автомобиль жолын орташа жөндеуді (уч. 36 - 98) бастауға;

- Еңбекші ауылдық округінің Кадырка елді мекенінде жаяужолдары бар кірме және кентішілік автомобиль жолын қайта жаңғыртуды бастауға;

- Жыланды, Алға ауылдарының ауылішілік жолдарын тротуармен қоса қайта жаңғыртуды бастауға;

-2025-2026 жж жылу беру маусымына дайындық жұмыстарына;

Орлы ауылы ИКИ құрылысы, су, электрмен қамтуға және Шипажай м/а ИКИ құрылысы, газ, электрмен қамтуға қаржы жоспарланып бөлінді- дей келе, Зәмзагүл Оңдасынқызы міндетіміз - бөлінген қаржыны мақсатқа сай әрі сапалы пайдалану, салынатын нысандардың жұмысын бақылап, "сақалды құрылыстардың" алдын алу екендігін алға тартып, сайлауалды бағдарламасының орындалысын қаперге берді.

Сонымен қатар, бөлінген қаржылардың ішінде  Теңіз ауылына жаңа клуб ғимаратының салынуы қуанышты жаңалық екендігін айтты.

Кездесуде зейнеткер Сәулеш Бегәлиева жазғы су құбырын тарту, шаруа қожалық иесі Теміртас Сұлтанғалиев мал азығын дайындауға субсидия беру, еңбек ардагері Амангелді Карсаков балабақшаны күрделі жөндеуден өткізу, мектеп атауын өзгерту жөнінде мәселелерді қозғады. Ауыл тұрғыны Мадхат Зұлхожин конкурстық комиссиямен жер беру мәселесіндегі қиындықтар,  еңбек ардагері Әлия Батырғалиқызы ит-мысықтарды жою, отбасындағы әке беделін көтеру жөнінде ұсыныстарын ортаға салды. Жиын барысында Зәмзагүл Оңдасынқызы қойылған сұрақтарға заңдылыққа сай жауабын беріп, кейбір мәселелерді өзіне жазып алып, анықтағаннан кейін хабырын айтатынын жеткізді.   

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT