Теңізде өткен әдеби керуен шарасы

(0 Votes)

Теңіз, Бірлік ауылдық кітапханаларының ұйымдастыруымен Теңіз ауылдық клубында «Кітап керуені руханият әлеміне шақырады» акциясы аясында белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» шығармасынан әдеби керуен шарасы ұйымдастырылды.

Алдымен жазушының өмірдерегінен бейнесюжет көрсетілді. Жүргізуші, Теңіз ауылдық кітапханасының кітапханашысы шараның мәні мен мақсатына тоқталып, әнін орындады.

Одан кейін ортаға түйе жетектеген ақсақал келіп қоржынынан кітап үлестіріп, ақ орамал тартқан келіндер көже ұсынып, бауырсақ таратты. Бірлік ауылдық кітапханасының меңгерушісі Майра Шәмшеденқызы «Сырлы да сұлу суреткер» тақырыбындағы кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады.

Махаббат, қызық мол жылдар романы – ғашықтық тақырыбындағы сүбелі туынды. Кітап оқиғасы Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейінгі ұрпақтардың жүрегін әлі күнге дейін толқытып келеді. Роман кейіпкерлері өмірдің қиын жолдарынан өтіп, күрделі драмалық жайларды бастарынан кешірген, өздерінің гуманистік асыл мұраттарын дақ түсірмей кіршіксіз сақтай білген адал жандар. Әзілхан Нұршайықовтың бұл романына негіз болған «Қазыл көрпе» атты ауызша айтылатын аясы кеңітіліп, алғашқыда «Махаббат жыры» повесі 1964 жылы жеке кітап болып жарық көрген. «Махаббат, қызық мол жылдар» тұңғыш рет 1970 жылы роман болып жарияланды. Келесі кезекте Ю.Гагарин атындағы жалпы орта мектептің оқушылары кітап үзіндісінен көрініс қойды. Жазушының «Қыздарға өсиет» атты арнауын Айгүл Жәнібекқызы тебіреніспен оқыды.

Шара барысында ұяшық таңдау арқылы көрермендер сұрақтарға жауап беру арқылы өз әсерлерімен бөлісті. Кітапханашы Есмұхан Жанизин әдеби керуенге орай арнау өлеңін оқыды. Аудандық кітапхананың әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Ақмоншақ Төреханқызы қорытынды сөз сөйлесе, ауылдық аналар кеңесінің мүшесі Әлия Батырхайырқызы, Гагарин атындағы жалпы орта мектеп директоры Гаухар Нұғманова шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. 

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT