Тегін медициналық және құқықтық көмек көрсететін медициналық пойыз Атырау облысына келеді

(0 Votes)

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Атырау облысының тұрғындарына тегін медициналық және құқықтық көмек көрсетеді. Өңірде болған уақытта 8 ауыл мен оған жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындарын қабылдайды.

Маршрут 6-ншы маусым күні Ақкөл (Ганюшкино) ауылынан басталады. Пойыз Ақкөл, Исатай, Нарын, Аққыстау, Туманное, Жамансор, Мұқыр, Сағыз станцияларына аялдайды.

Қабылдауды терапия, хирургия, педиатрия, кардиология, неврология, оториноларингология, офтальмология, стоматология, гинекология, урология, функционалды диагностика, рентген және психология салалары бойынша 29 дәрігер жүргізеді.

Кеңес беруден бөлек, пойызда УДЗ, ЭКГ, флюорография, гастрофиброскопия, қан талдауы және басқа да диагностикалық тексерулерден өтуге болады. Қажет болған жағдайда шағын хирургиялық операциялар жасалады. Барлық санитарлық және техникалық талаптар сақталған, пойыз заманауи жабдықтармен қамтылған.

Дәрігерлермен қатар, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия атынан келген заңгерлер мен медиаторлар ауыл тұрғындарын қабылдайды. Олар еңбек дауларын шешуге, әлеуметтік төлемдерді рәсімдеуге, сот және құқықтық мәселелер бойынша кеңес беруге көмектеседі.

Маршрут басталғалы 9 ауылдың 5000-нан астам тұрғыны пойыз мамандарының көмегіне жүгінді.

Пойыз еліміз бойынша барлығы 123 елді мекенге аялдайды. Алты ай ішінде 90 000-нан астам адам, әсіресе емханалардан алыс орналасқан ауыл тұрғындары білікті көмек алады.

Атырау облысындағы жұмысы аяқталған соң, пойыз Ақтөбе өңіріне бағыт алады.

Жоба 2010 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Оны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және Ұлттық комиссия серіктестікте жүзеге асыруда.

Тек өткен жылдың өзінде пойыз мамандары 104 250 адамға көмек көрсетті. 2010 жылдан бері 763 657 қазақстандық тексеруден өтті, олардың әрбір бесіншісі – бала. Жалпы 36 589 операция жасалды.

Медициналық пойыздың нақты қозғалыс кестесі www.medpoezd.kz сайтында жарияланған.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT