Шортанбай ауылдық округінің тұрғыны Рая Түсіпқызы екі бөлмелі үйде жолдасы мен баласы үшеуі тұрады. Өзі пандемияға дейін «ТШО» компаниясында вахталық ауысыммен еңбек еткен.
Ал, күйеуі «Шортанбай» балық зауытында жұмыс жасайды. Десе де, жыртығын жамап, үйіне газ бен суын тартуға шамасы жоқ. 2021 жылы қыста суыққа тоңып, жағарға отыны болмаған көршісінің жағдайы Ақкүріш Байгубаеваны алаңдатпай қоймапты. Сөйтіп, 50 жыл қарсы отырған есіктес тұрғындар жергілікті әкімдікке Рая Түсіпқызының жағдайын баяндап, жылу жүйесін жүргізіп беруге өтініш білдірген. Өйткені, өткен қытымыр қыста Рая Түсіпқызының суықтан беті мен қолының домбығанын көріп, қарап отыра алмапты.
Халықтың мұң-мұқтажын назардан тыс қалдырмай, қолдан келгенше орындауға тырысып бағып жүретін Шортанбай ауылдық округінің әкімі Мейіржан Ғұмаров жазылған өтініштің негізінде Рая Түсіпқызының пәтеріне ауыл азаматтарымен бірлесіп, ақпан айында газ жүргізіп беріпті. Бүгінде бұл отбасы жып-жылы баспанада алаңсыз ғұмыр кешуде.
Жайдарлым Қайреден