Көктемнің көрiктi мерекесі - 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай облыс, аудан көлемінде әйел азаматтарды ардақтау бағытында бiрқатар игi шаралар қолға алынды.
Соның бірі ретінде облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтiң мереке күні аз қамтылған, көп балалы отбасылары мен жалғыз басты аналардың, тыл еңбеккерлерінің шеттеп қалмауы керектiгiн ойлап, оларды қамқорлауға тапсырма бергенін айтуға болады. Игі бастама қолдау тауып, облыс орталығында 500 отбасына тегін азық-түлік таратылды.
Бұл сауапты icтен Құрманғазы ауданы да шет қалмады. Облыс әкімінің тапсырмасын жергілікті жерде жүзеге асыру мақсатымен, аудан әкімі Марат Бисенғалиұлының қолдауымен, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актiлерiн тiркеу бөлімінің басшысы Рүстем Нәсиболлаевтың ұйымдастыруымен үйден қызмет көрсету жағдайы бойынша аудан көлеміндегі 70 жалғыз басты аналарға, тыл еңбеккерлеріне 11 түрлі азық-түлік топтамалары тегін таратылып берілді.
Оларды жеткiзуге аталған бөлiмнiң басшысы, сауапты icтерден шет қалмайтын азамат Рүстем Болатбекұлы мен қызметкерлерi белсене атсалысты. Мерекеде өздерiне жасалған сый үшін оны алушылар қуанышын жасырмай, шексіз ризашылығын білдірiп, ел қамын ойлаған басшылардың жұмыстарына сәттілік тіледі. Мұндай игі бастамалар алға қарай да жалғасын таба береді деген ойдамыз.
Айнагүл Шакупова