Хиуаз ауылы Кеңес Одағы кезінде атағы елімізге әйгілі «Киров» кеңшарының орталығы болды. Бұл кеңшар талай мәрте Социалистік жарыстың жеңімпазы атанды.
Бүгінде оның ізіндегі Жаңаталап ауылдық округі халқы жағынан 3840 тұрғынымен аудан бойынша Құрманғазы (14880) және Ақкөл (5332) ауылдық округтерінен кейін тұр. Округте есімі облысқа танымал Зәмзам Исмағұлов атындағы Халық театры бар. Ал, осындай өнер ұжымымен әйгіленген ауылдың шешімін таппаған мәселелерінің бірі – мәдениет үйі немесе клуб салу. Театры бар ауылда клуб жоқ. Халықтық атағын иеленген дардай ұжым әкімшіліктің ескі ғимаратында отыр. Міне, парадокс. Сөзіміздің әлхиссасында оқырманға аталған ұжым жайлы аздап мәлімет бере кетейік.
Зәмзам Исмағұлов атындағы Халық театры алғаш рет 1959 жылы клуб жанынан драма үйірмесі ретінде құрылды. Жақсы қарқынмен жұмыс жасаған үйірме облыс еңбекшілеріне 60-шы жылдардың бас кезінде-ақ таныла бастады. Өнерімен аудан, облыс, республика халқының таңдайын қақтырған ауыл әртістері мұғалімдерден, механизаторлардан, кеңшар жұмысшыларынан құрылған еді. Бір актілі пьесаларды, интермедияларды сахналаумен бастаған ұжым, шеберліктері шыңдала келе қазақ драматургтерінің үлкенді-кішілі туындыларын ауыл көрермендеріне ұсынды. Сол кезде аудан, облыс, қала берді республикаға даңқы тарап, талай өнер сүйер қауымның таңдайын қақтырды.1966 жылы Б. Майлиннің «Шұға» пьесасын қойып, І-ші дәрежелі дипломмен марапатталып, халыққа мәдени қызмет көрсетудегі елеулі еңбектері үшін «Халық» театры деген құрметті атаққа ие болды. Сол жылдары Киров драма ұжымына Қазан төңкерісінің 50 жылдығына арналған республикалық деңгейдегі фестивалда аса жоғары орындаушылық шеберлік көрсеткені үшін лауреат атағы берілді. «Бұл жетістіктер мен атақтарды жеңіп алуда театрдың ірге тасын қалаған, оның алғашқы режиссері болған марқұм Зәмзам Ысмағұлов ағамыздың еңбегі ересен зор еді. Ол кісінің театрдың аяғынан тұрып кетуіне сарқа жұмсаған қызметін, дайындап, сахнаға шығарған туындыларын, сомдаған кейіпкерлерін онымен бірге жұмыс жасаған аға буын өкілдері осы күнгі жас буын орындаушыларға жыр етіп айтып отырады», - дейді өнер ұясының қазіргі режиссері, алдыңғы толқынның ізін лайықты жалғап келе жатқан ұжымның басшысы Сұңғат Бірәлиев.
Жалғасын газетіміздің №10 санынан оқи аласыздар
Қанат ҒҰМАРОВ