Иә мәдениет пен руханият әлемін театрсыз елестете алмайсыз, елестету де мүмкін емес. «Театр» деген сөздің өзі адамға рух береді. Көрнекті жазушы Ғабит Мүсірепов «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деп бағалапты.
Тарихқа зер салсақ, қазақтың тұңғыш кәсіби театрының шымылдығы 1926 жылы 13 қаңтарда Қызылорда қаласында ашылған. Оның алғашқы сахнасында К.Кемеңгерұлының «Алтын сақинасы» мен М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы қойылыпты.
Ауданымыздағы 50 жылдан астам тарихы бар З.Исмағұлов атындағы халық театры 2 бөлім, 6 көріністен тұратын Лидия Егембердиеваның «Егіздер» атты мұңды комедиясын сахналады. Режиссері Сұңғат Бралиев. Дыбыс операторы Нұртай Түсіпқалиев. Талай рөлдердің шырайын ашып жүрген театр әртістері Г.Тілегенқызы, С.Саламатов, Қ.Ажыханов, Ә.Абуғалиева, М.Бейбітұлы бұл жолы да көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ал С.Мейрамқызы, Д.Әділжанқызы тырнақалды рөлдерімен өздерінің бойларындағы талант ұшқынын танытып, болашақтарынан мол үміт күттіретінін аңғартты.
Дүйсенғали Ғұмаров атындағы халықтық театры Тасболат Омаровтың «Жазығым не, мама?» мюзиклын ұсынды. Қойылымның қоюшы режиссері Елдос Құлшаров. бұл драмалық мюзиклдың көтерген мәселесі қазіргі замандағы ең өзекті тақырыптардың бірі – балалар өміріндегі қиындықтар. Қойылымның балалар алдындағы ата-ана жауапкершілігінің қаншалықты маңызды екенін ашуға жасаған талпыныс өте сәтті шешімін тапқан. Бірнеше монологтан құралып, әрқайсысы әнмен қоса өріліп отыратын бұл сахналық туынды біртұтас дүниеге айналған. «Жазығым не менің, мама?» қойылымы балалар өміріндегі шырғалаңдарды көз алдымызға айқын елестететін әлденеше ситуациялардан құралған. Бүгінгі күннің ащы шындығын, өмірдің осы бір келеңсіз тұстарын сомдаған театрдың әртістері Заря Қуанышқызы, Жалғас Сағындықов, Гүлжанат Қаленқызы, Толыбай Қажыгереев, Айжанар Ғапуова, Ермек Айсын, Гүлбақыт Ермұратова, Сағынғали Ерболат, Меңдісұлу Мұхамбетованың алар асулары, шығар биіктері мол болғай деп тілейміз.
Айнагүл Шакупова