Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңына сәйкес, 2021 жылғы 25 маусымдағы Құрманғазы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының қаулысы негізінде, 2021 жылдың 25 шілдесінде өкілеттік мерзімі аяқталған ауылдық округ әкімдерінің орнына алғаш рет халық дауыс беретін ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтті.
Өткізілген сайлаудың қорытындысымен, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының Теңіз ауылдық округінің сайланған әкімін тіркеу туралы шешімі негізінде Мақсотов Қайсар Еркінұлы Теңіз ауылдық округінің әкімі болып сайланды.
Осыған сәйкес, аудан әкімі М.Мурзиевтің 2021 жылғы 28 шілдедегі №288-Ө өкімімен Мақсотов Қайсар Еркінұлы 2021 жылдың 28 шілдесінен бастап, Теңіз ауылдық округі әкімі лауазымына тағайындалды.
Теңіз ауылдық клубында жергілікті қоғамдастық мүшелері, мекеме басшыларымен өткен жиналыста аудан әкімі Марат Бисенғалиұлы 2017 жылдан бері Теңіз ауылдық округінің әкімі болған Анарбек Теміртасұлының өкілеттік мерзімі аяқталғанын, күні бүгінге дейін өз қызметін абыроймен атқарғанын тілге тиек етіп, алғысын білдірді.
Ал жаңадан сайланған Теңіз ауылдық округінің әкімі Қ.Мақсотовтың жас болса да мемлекеттік қызметте біршама тәжірибе жинақтағанын алға тартып, іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетін өз қызметінде қатар ұштастырып, ауылдың гүлденуі жолында аянбай еңбектенетініне сенім білдірді.
А.Шакупова