Тәжітажалмен арпалыс үстіндегі ақ халаттыларға қандай тілек айтсақ та жарасымды.
Бұл мазасыз тірлік үстіндегілер сапында құрманғазылықтар да бар. Кешегі мерекелерін де жөндеп тойлай алмады. Өйткені, сырқат үстіне сырқат қосылуда. Дегенмен, ел жақсысын ұмытқан ба? Ұлықталып жатқандары да бар.
Солардың бірі елімізге танымал бесаспап дәрігер марқұм Мұханов Уахит ағамыздың қызы Мұханова Дина Уахитқызы. Ол Атырау обаға қарсы күрес стансасының Құрманғазы аудандық бөлімінде 2010 жылдың мамыр айынан бері жұмыс жасайды. Адал да абыройлы қызметімен аз күнде жарқырап көзге түсті. 2
016 жылдан Исатай және Жаңа-Үштаған отрядтарының бастығы лауазымында. Қажет кезінде бөлім бастығының, аса қауіпті бактериологиялық инфекциялар лабораториясының меңгерушісі міндетін де мігірсіз атқарып жүр. 2020 жылдың көктемінде Ресей-Қазақстан санитарлық-өткізбе пунктінде адамның өз өміріне жұғу мүмкіндігі мол тәжівирус қаупімен күреске тірелетін міндеттерді уақтылы, аса біліктілікпен орындап отырды. Оның алғыр қызметі республикадағы тиісті жоғары органдарға мәлім болуда. Күні кешегі ақ халаттылар мерекесінде Атырау обаға қарсы күрес стансасының бастығы Т.Хамзин осыларды айта келе өз атынан Құрмет грамота тапсырып, т.б. ұлығылау ілтипатын көрсетті. Міндеттері өте қауіпті ұжым алдында «Болсаңдар, Динадай болыңдар» деді.
Дина Уахитқызының бұған дейін де еңбегі аталып, ауданның Құрмет грамотасымен, өз саласы бойынша республика кәсіподақтарының, т.б. жоғары лауазымды ұйымдардың грамота, алғыс хаттарымен марапатталған. Осындағы бөлім бастығы Ж.Тілепбергенов: «Абыройымызға – абырой қосып жүр...» деп бас шұлғиды. Әріптестері оны үлгі тұтады.
Отбасында аяулы жар, асыл ана. Азаматы Нұрсұлтан Ахметов балық қорғау инспекциясының айтулы маманы. Үлкен қыздары – Айгерім заңгер, әрі байланысшы, қос мамандықтың иегері. Қазірде Атырауда байланыс қызметінде. Екінші қыздары Балқия биыл Абай атындағы орта мектепті «Алтын белгімен» аяқтап, қуаныштарын үстеуде. Нұржігіт ұл мектептің 9 сыныбында оқиды.
Шағын әңгімеміз тосын келген тажалмен ертеңді-кеш арпалыста жүрген Дина хақында болғандықтан, әкесі Уахит ағамыз өмірден озғанда ел-жұрт : «артында бар, шырағы сөнбейді» деп еді, халық айтса қалт айтпайды, өзге ұрпақтарымен бірге Дина, қызы да әке жаққан шырақты одан әрі маздатуда, бәрекелді!
Т.Дәрелұлы,
Құрманғазы ауданы