Бүгін ауданымызда «Таза жағалау» акциясы өтті. Құрманғазы ауылдық округінде ол жоғары дәрежеде ұйымдастырылды.
Бірер күн бұрын барлық мекемелерге арнайы хат пен қай жерді тазалауы керектігі көрсетілген сызбалар жіберілді. Соған сай бөлімдер мен мекемелер белгіленген орыннан табылды. Шора өзеніндегі орталық көпірден бастап шығыстағы Қайролла теректері, Самаркин мен арадағы каналға дейінгі жаға бойы түгел тазартылды. Бұл жұмысқа аудан әкімдігі, бірқатар бөлімдер, округ әкімдігі, мәдениет үйі және т.б. жұмылдырылды.
– Өзен бойымен жүргенде жаға бойында жатырған шөлмектер мен шөп басына ілініп жалауша желбіреген пакеттер бірден көзге түседі. Ауданымызға келген қонақтардан ұят. Әрі жағаның қоқығаны денсаулыққа да зиян. Түрлі қоқыстар, қағаз қораптар желмен суға түсіп, шіріп оны бүлдіреді. Политэллин пакеттерді де өртеп жоймаса, топыраққа зияны бар. Туған жер табиғатын таза ұстау бәрімізге ортақ міндет. Осыны аудан тұрғындары түсініп, қоршаған орта тазалығын сақтауға үлестерін қосады деген сенімдемін, - дейді аудан әкімі Қайрат Талапұлы.
Айта кетейік аудан басшысы бұл жұмысқа өзі де араласып, қаптың бір шетін ұстасып, жинасып, бірнеше шақырым жерді жаяу жүріп шықты. «Бізбен бірге қоқыс жинасып жүрген аудан әкімі деп ойламаппын. Көппен араласатын қарапайым аға екен. Бұрын сенбілік болғанда аудан басшылары келіп, жұмыстың қалай жүріп жатырғанын қарап кететін. Содан кейін бәрі тарайды. Бұл аға орынбасарымен бірге арамызда жүр. Жиналған шөлмектер бірден тракторға тиеліп жатыр», дейді бір қарындасымыз ризашылығын білдіріп. Жаға бойы қоқысқа толы. Округтің ең көрікті,табиғаты тамылжыған жерін неге таза ұстай алмаймыз?! Демалуға, балық аулауға барғандар отырған орындарын қоқытпай қалдықтарды өздерімен бірге пакетке салып әкетіп, жолай қоқыс жәшігіне тастай салуына болады ғой. Біз бұған қашан үйренер екенбіз?! Қай жерде де ішімдік пен сусынның бос шөлмектері, қатты қораптар, пакеттер жағалай шашылған. Шамалы уақытта-ақ бір «Камазды» толтырды. Сенбілікке қатысушылар қоқыстарды әуелі қапқа салып, содан трактордың алдындағы күрегіне аударып отырды. Трактор көлікке тиеді. Кіші Ганюшкин ауылынан Кіші Крестіге өтетін жаяу жүргіншілер көпірі мен Қызылжар көпіріне дейінгі аралықты аудандық «Серпер» газеті, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы,білім бөлімі қызметкерлері тазалады. Бөгет астында не жоқ дейсіз?! Қоқыс жәшігінен кем түспейді. Тазалайтын адамдар барына үйренген кейбір тұрғындар есіктен шығып бәрін осында лақтыра салатын сияқты. Мұнда да қоқыстар жиналып, өртеліп, шөлмектер көмілді. Осы күні ауданның өзге де жерлерінде түрлі мекемелермен дәл осындай жұмыстар атқарылды.
Жалпы алғанда «Таза жағалау» акциясы қоршаған ортаны керексіз қалдықтардан біраз арылтып, сәнін кіргізіп тастады. Енді соны тағы да қоқытпайық дегіміз келеді.
Қанат ҒҰМАРОВ