Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Қайрат Нұртаевтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының кезектен тыс отырысы өтті.
Оған аудан әкімінің орынбасарлары, комиссия мүшелері, құзырлы органдар, азаматтық қорғау қызметтері, дербес бөлім, мекеме басшылары, округ әкімдері қатысты. Комиссия төрағасы өз сөзінде Қазақстанда енгізілген төтенше жағдай, оның неліктен қабылданғаны туралы түсіндірді. Барлық шектеу шаралары вирустың таралуының алдын алу, қазақстандықтардың игілігі үшін олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, денсаулықтарын сақтау үшін жасалып жатқанын айтты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының елімізде төтенше жағдай енгізу туралы Жарлығымен таныстырды.
Одан әрі, өңірде коронавирус инфекцияның келуі мен таралуына жол бермеу бойынша, сондай-ақ эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыру барысын пысықтады. Аудан басшысы төтенше жағдай жарияланғанымен сауда-саттық орындары жұмыстарын жалғастыратынын, онда санитарлық шаралары үздіксіз жүргізілетінін айтып, теміржол вокзалдарында сақтық шаралары күшейтілетінін хабардар етті. Тұрғындарға дүкендерде дүрбелең жасап, азық-түлікті қап-қабымен алудың қажеті жоқтығына тоқталды. Мұндай әрекет жалғаса берсе, азық-түлік бағасының көтерілуіне тұрғындар өздері себепші болмақ. Сондықтан Қайрат Талапұлы дүрбелең жасаудың еш негізсіз екендігін айтып, тауар тапшылығын қолдан жасамауға шақырды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің ахуалы әркез назарда ұсталынатынын, кәсіпкерлердің қолдан бағаны көтермеуіне жол берілмейтінін қаперледі. Әкімдіктің жанынан құрылған штаб мүшелері осы жағдайларды үнемі бақылауға алып, халықтың негізгі азық түлікпен қамтылуына мән беретінін алға тартты.
Сонымен қатар, демалысқа шыққан мектеп оқушыларының басқа аудандарға барып қыдыруларына жол бермеу керектігін, бұл бағытта ата-аналармен түсінік жұмыстарын жүргізуді білім бөліміне тапсырды. Тұрғындардың әлеуметтік желілерде тарап жатқан жалған ақпараттарға емес, ресми өкілдер таратқан мәлімдемелерге құлақ асуы қажеттігі жөнінде ауылдық округ әкімдеріне түсіндіру шараларын ұйымдастыруды міндеттеді. «Ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге тыйым салынсын», - делінген Президенттің Жарлығына да аудан тұрғындары түсіністікпен қараулары қажеттігін жеткізді. Өйткені, бұл жағдайға немқұрайдылық танытушылардың көптігін айтып, ең бірінші кезекте сақтық шараларын сақтаудың маңыздылығын ескертті.
Комиссия мәжілісінің күн тәртібіне сай, «COVID-2019» вирусының енуіне және таралуына жол бермеу бойынша атқарылып жатқан шараларды күшейту, зарарсыздандыру құралдары, дезинфекциялық жұмыстар туралы аудандық орталық аурухананың директоры Гүлсара Мүтиева, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Карл Отаров хабарлама жасады. Олар бірінші кезекте әркім өз денсаулығы, отбасының амандығы үшін кісі аяғы көп жүретін орындарға бармау керектігін, жеке бастың гигиенасын қатаң сақтауды, кіріп-шыққан сайын қолды міндетті түре сабындап жууды, антисептик құралдарын пайдалануды, бөлмені міндетті түрде жиі-жиі желдетіп тұруды шегелеп айтты. ҰҚК аудандық бөлімінің басшысы Думанбек Оразакиев шалғайдағы Азғыр өңірінің тұрғындары азық-түлікті көрші Ресей елінен тасымалдайтынын, енді шекараның жабылуына байланысты оған шектеу қойылатынын тілге тиек етіп, аудан орталығымен қатынайтын жолды ретке келтіру, жергілікті кәсіпкерлермен бұл бағыттағы жұмысты ұйымдастыру керектігін жеткізді. Аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Әлімбай Әбдірахман, Орлы, Ақкөл ауылдық округтерінің әкімдері Асқар Мұфтах, Бисембай Рамазанов халықты дүрліктірмей, ақпарат жұмыстарын таратуға мән берілу керектігін алға тартты. Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Қайрат Нұртаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына тұрақты қадағалау жүргізілетінін, ет өнімін ұлғайтуды көздейтін жұмыстар ұйымдастырылатынын айтып, әлеуметтік желі арқылы құзырлы органдардың қатысуымен тұрғындармен онлайн байланысқа шығып, брифинг өткізетінін хабардар етті.
А.Шакупова