Тасқынға дайындық пен санитарлық тазалық

(0 Votes)

Аудан әкімінің кіші мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, бірқатар келелі мәселелер қаралды. Алдымен бүкіл елімізді әбігерге салған көктемгі су тасқыны қаупінің алдын алуға байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында аудан әкімінің орынбасары Марат Хасановтың хабарламасы тыңдалды.

- Күні бүгінге аудан бойынша жаға бекіту жұмыстарына 48 техника, 30 қызметкер, 1090 ерікті жұмылдырылды. Бірінші кезекте Шортанбай, Көптоғай және Дыңғызыл ауылдық округтеріндегі аса қауіпті учаскелердегі бөгеттер назарға алынды. Ондағы 3,7 шақырым аумақтағы жерге құм толтырылған қапшықтар қойылып, саз төгілді. Сондай-ақ, Қиғаш өзені бойындағы Бөкейхан  округінің 1,9, Кудряшовтың 2,2, Сафонның 2,5, Бірліктің 1 және Жаңатлаптың 0,02 шақырымдық, барлығы 7,6 шақырымды құрайтын қорғаныс бөгетінің аласа жерлеріне биіктету жұмыстары жүргізілді. Аудан әкімінің «Құрманғазы ауданының елді мекендерін көктемгі су тасқынынан қорғау жөніндегі сақтық іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу туралы» шешімі қабылданды. Сол бойынша аудандық штаб құрылып,  іс-шаралар жоспары жасақталып,  жауапты мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берілді. Бұл жұмыстар аудан әкімінің бақылауында, кездейсоқ жағдай орын алғанда қажетті азық-түлікпен, жанар-жағармаймен қамту, тұрғындарды қауіпсіз орынға шығару жұмыстары пысықталды, - деген хабарламашының ақпарына қатысты кеңес мүшелері біраз сұрақтар қойды. Кеңес төрағасы Талғат Жаудин ел арасында «су келмейді» деген сөз желдей есіп жүргенін айтып, арқаны кеңге салуға болмайтынын, облыс әкімі жариялаған төтенше жағдай бойынша берілген тапсырмалар мүлтіксіз орындалуы қажеттігін еске салды.

Келесі болып та аудан әкімінің орынбасары Марат Хасановтың  «Ауданнның елді мекендерін көркейту, көгалдандыру және санитарлық тазалықты сақтау шараларын іске асыру туралы»  хабарлама жасады. – Ауданның 19 ауылдық округінде 22 қоқыс алаңы бар. Санитарлық тазалық жұмыстары ақылы қоғамдық қызметке тартылғандармен жүргізіледі. Сонымен бірге, сенбілікке шыққан мекеме қызметкерлерінің күшімен атқарылады. Өткен жылы Құрманғазы ауылдық округінің қоқыс полигонына қалдықтарды сұрыптайтын ангар орнатылып, жабдықталды. Қазіргі таңда іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Аудан көлемінде көгалдандырудың, жасыл аймақ құрудың 2021-25 жылдарға арналған өңірлік жоспары бойынша бес жыл ішінде 50000 түп тал отырғызу жоспарланған. Ол бойынша 2021 жылы – 8000, 2022 жылы – 9000, 2023 жылы – 10000, 2024 жылы – 11000, 2025 жылы 12000 терек отырғызып, межені игеруге тиіспіз. Оған бөлінген қаражат көлемі 22500,00 мың теңге, - деді.  Кеңес мүшелері егілген теректердің өсіп, шығып кетуіне алаңдаушылықтарын білдірді. Мәселеге орай Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Муса жауабын берді.

Ауданда жүріп жатқан құрылыстың жай-жапсары, сапасы мен алдағы жоспары жайында аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Жасұлан Сүндетов баяндады. Кеңес отырысында аудандық мәслихат пен аудан әкімінің кейбір шешімдеріне өзгеріс енгізу мен күшін жою туралы мәселелер қаралды.

Айбек МЕЙІРМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT