24 маусым – «Судья және сот қызметкерлері күні» мерекесі болып белгіленді. Биылғы жылы алғаш рет тойланғалы отырған бұл мереке Үкіметтің 2022 жылғы 31 наурыздағы қаулысымен еліміздегі кәсіби мерекелер тізбесін жаңа мереке күнімен толықтырды. Атаулы кәсіби мерекенің бекітілуі-сот саласында қызмет етушілер үшін зор мәртебе. Сот саласында еңбек ету қаншалықты қиын екендігі ол тек қызмет еткен жандарға мәлім.
Мереке қарсаңында Құрманғазы аудандық соты жөнінде және осы сотта еңбек еткен қызметкерлер жөнінде айтып өтсек.
Қасиетті күйші бабаның атын иеленіп отырған Құрманғазы ауданы облысымыздың ұлан-ғайыр аумағын алып жатқан ең үлкен аудандарымыздың бірі.
Мезгілінде үлгеріп, өшпестей етіп түгендеп, хатқа баспаса, жылдар жылжыған сайын өткеннің ізі көмескілене беретіні даусыз. Құрманғазы аудандық сотының тарихын саралап, тірнектеп жинақтау барысында да осы қиындықтар мен кедергілер болмай қалмады. Мұндайда мұрағат қорларындағы сарғайған құжаттар, қатарлары сирей бастаған аяулы ардагерлер мен зиялы заңгерлер көмекке келді. Жасыратыны жоқ, әлі де болса аттары аталмаған, өмір-деректері қолға түспей, кітап беттерінен тысқары қалған сот қызметкерлері болуы әбден мүмкін.
Қолда бар деректерге көз жүгіртсек Теңіз аудандық халық соты 1928 жылы Гурьев уезі құрамында аудан құрылған шамада құрылған. Аудан көлемінде 2 участкелік сот болған. 1-ші участкелік сот Ганюшкин селосында, 2- ші участкелік сот Сафон селосында орналасқан.
Өкінішке орай аудандық сот құрылған кездегі алғашқы төрағалар туралы деректер кезікпеді. Ал, 1936-1938 жылдары Теңіз аудандық халық сотының төрағасы болып Елшібаев Сидағали аудандағы сот төрелігіне жетекшілік жасаған. Сонымен қатар әр жылдары У.Дощанов, М.Магзомов, Е.Атшыбаев, Ж.Ізім, Е.Жапаров, Д.Тухфатова, Е.Амангалиев атты төрағалар басшылық етіп, сот жүйесінің дамуына әрқайсысы өз үлестерін қосқан. Сонымен қатар аудандық сотта судьялар Г.Даулетова, М.Мухатов, Г.Даулешова, Е.Утешовтер абыроймен сот төрелігін жүзеге асырып, қазіргі уақытта еліміздің әр өңірлерінде судьялық қызметтерін жалғастыруда.
Еліміз тәуелсіз болып Қазақстан Республикасынының сот жүйесі жаңа құрылғанан бері аудандық соттың төрағасы болып ең көп жылдар бойы төрағалық қызмет атқарған марқұм Ізім Жұмабек Қадырәліұлын еске алып өтсек. Ізім Жұмабек Қадірәліұлы 1956 жылы 23 ақпанда дүниеге келген. Туған жері Түркменстан, Ташауз облысы, Октябрский ауданында 1978 жылы 10 жылдық мектепті бітіріп әскер қатарында өз борышын өтеп келген соң КазМУ-нің заң факультетіне оқуға түсіп өзінің бала күнгі арманына қол жеткізген.
Жоғарғы оқу орнын ойдағыдай аяқтап, 1986 жылы қазіргі Атырау қалалық сотында тағылымдамадан өтеді. 1987 жылы наурыз айында Қызылқоға аудандық сотының төрағасы қызметіне тағайындалып еңбек жолын бастайды. Ол жерде қарқынды 10 жыл қызмет етеді. 1996 жылы Құрманғазы аудандық сотының төрағасы қызметіне тағайындалып, 10 жыл бойына өзінің судьялық қызметімен төрағаның лауазымын бірге атқарып жүріп, ұжым, аудан тұрғындарының алдында үлкен беделге ие болып, өзіндік ізін қалдырды. 2009 жылы Балықшы аудандық сотында да жоғары аброймен қызмет етті.2011 жылғы маусым айынан бастап өмірінің соңына дейін Мақат аудандық сотында төрағалық қызмет етті.
Жұмабек Қадыраліұлы қай жерде қызмет жасаса да жауапкершілік пен мұқияттылықты жаны сүйіп жасайтын. Аудандық сот ұжымы, бүкіл онымен бұрын жұмыстас болған азаматтар Жұмабек Қадыраліұлын жылы сезіммен еске алады.
Қазіргі уақытта, сотта судьялар Г.Таскинбаевамен Б.Менситова сот төрелігін атқаруда.
С.Мусина сот кеңсе менгерушісі