Тарихи орындарға саяхат

(0 Votes)

«Тарихи тұлғалар тағылымы» жобасы аясында Қиғаш жалпы орта мектебінің оқу-тәрбие жоспарына сәйкес Ресей Федерациясы, Красный Яр ауданы, Кіші арал ауылында орналасқан «Сейіт баба – Бөкей хан» мәдени-тарихи кешеніне мектеп директоры Капуова Сандуғаш Ғарипуллақызы, мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Зиябекова Жансұлу Талапқызы, 10-11 сынып оқушылары, сынып жетекшісі Лукпанова Асель Асхарқызы және тарих пәнінің мұғалімдері Шалабаева Аэлита Жумабайқызы, Джагыпарова Сания Хайржанқызы саяхатқа шықты.

Саяхатты әуелі ноғай жұртының қасиетті әулиесі саналатын Сейіт бабаның зиратынан бастадық. Оқушыларға Сейіт бабаның өмірлік жолы, әулиенің ұрпақтары туралы Шалабаева Аэлита Жумабайқызы әңгімелеп берді. Кейін осы Сейіт бабадан кейін жерленген Ішкі Орданың алғашқы ханы Бөкей ханның кесенесіне саяхатымызды жалғастырдық.

Бөкей хан – тарихымыздағы Еділ мен Жайық өзендері арасындағы қазақтардың басын біріктірген Ішкі Орданың негізін қалаушы тұлға. 1801 жылы Ресей үкіметінен рұқсат алып, Кіші жүз қазақтарын Еділ мен Жайық аралығына қоныстандырды. Көксеген арманын жүзеге асырып, бес мың түтіні бар ауылын атамекенге көшірген ханның ерлігі тарихта алтын әріппен жазылған. Ол көз жұмар алдында өзін Сейіт бабаның жанына жерлеуді өтінген екен. 1815 жылы Бөкей ханның ұлы Жәңгір хан әкесінің аманатын орындап, осы жерден темір мазар тұрғызыпты. Күні бүгін темір мазар дәл сол күйінде көшіріліп, Сейіт баба мазарының жанында тұр. Осылайша, ханның өтініші орындалып, ол Сейіт баба зиратының жанында жатыр. Ардақты тұлғамыздың Сейіт бабаның жанынан жерлеуін өтінгендігінің себебін Сейіт бабаның ұрпағы Диляра Жамалова: -Бөкей атамыз көзі тірісінде Сейіт бабамен араласып, тумаса да туғаннан бетер жақын болып кеткен. Оларды туыстық емес, рухани түсіністік байланыстыратын. Осылайша, Бөкей хан көз жұмар алдында «халық Сейіт бабаға зиярат еткеннен кейін маған да соғып кетсін» деген ниетпен жанына жерлеуді аманаттапты, – деп түсіндіреді.

bkej-khanny-zholdasy

Қазір Бөкей ханның сүйегі Сейіт баба зиратының шығыс жағында жатыр. Ханға іргелес зайыбы Атан ханым жерленген.

«Тарихын білмеген елдің болашағы да бұлыңғыр болады» - деп Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев айтқандай, туған жердің тарихын білу, оны жас ұрпақтың санасына сіңіру кез келген ұстаздың басты мақсаты екені даусыз. Оқушыларға осы саяхатта Бөкей хан және Сейіт баба туралы ақпараттар  енген кітапшалар таратылды.

«Сейіт баба – Бөкей хан» мәдени-тарихи кешенін қызығушылықпен тамашалаған оқушылар тарихи сапардан керемет әсермен оралды. Тарихи орындарға саяхат оқушылардың ой-өрісі мен білім көкжиегін кеңейтуге таптырмас құрал екендігін сеніммен айта аламын.

 

 

Сания Джагыпарова,

Қиғаш жалпы орта мектебінің

тарих пәнінің мұғалімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT