«Атырау облысының саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі жобалық кеңсе қызметін ұйымдастыру» жобасы аясында Атырау облысы өңірлік комиссиясы жұмысшы топтарының ауданымызға археологиялық экспедициясы ұйымдастырылды.
Оның құрамында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Қазақстан және дүниежүзі тарихы кафедрасының меңгерушісі Лесқали Бердіғожин, тарих ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Аққали Ахмет, профессор, тарих ғылымдарының докторы Ұлжан Ахметова, тарих кафедрасының аға оқытушысы Нағима Сармурзина, Атырау қаласы №9 орта мектебінің тарих пәні оқытушысы Нұрбағыт Жеңісов, жоба координаторы Балауса Базарғалиева бар. Аудандық орталықтандырылған кітапханада өткен кездесуге зиялы қауым өкілдері, жергілікті өлкетанушылар келген спикерлермен пікір алмасып, толғандырған сұрақтары мен тұшымды ой-пікірлерін ортаға салды. Аудан бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарының жалпы саны 59 адам. Бірақ, зерттеу жұмыстарын әлі де жалғастыруымыз керек. Бұл тарих пен ұрпақ алдындағы борыш. Өйткені, ұлттың азаттығы жолында халықты ағарту жолында өмірін берген өр тұлғаларды ешқашан ұмытпауға тиіспіз.
Келелі басқосудан кейін келген қонақтар аудан орталығындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойды.
Өз тілшіміз