Тарих бедеріндегі біртуар тұлғалар

(0 Votes)

Кәрі Каспийдің қойнауына сұғына орналасқан Морской топырағы небір еліне елеулі қызметтер атқарған талантты перзенттерді тудырды. Солардың арасында халық жадында Мақаш әкім атымен мәңгілікке қалған Мұхамбетжан Шолтырұлы Бекмұхамбетовтің және теңіз тақырыбында қалам тербеген халық жазушысы Әбу Сәрсенбаевтың алар орындары ерекше.

Мақаш ауылдық округінде М.Бекмұханбетовтің туылғанына 195 жыл, Ә.Сәрсенбаевтың 120 жылдығына орай «Тарих тербеген туған ел» атты мәдени көпшілік шара ұйымдастырылды. Біртуар тұлғаларға тағзым ету шарасы ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Алдымен Мақаш әкімнің ескерткішіне жиналған жұртшылық алдында саналы ғұмырын халқының тұрмысына, өнері мен мәдениетіне арнаған арда азаматтың өмір жолы жадыға қайта берілді. Ардагер ұстаз Нұрлығайын Нұғыманов арнау өлеңін оқыса, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, ғылым докторы Болат Мұханбетұлы оның ағартушылық ісі, қоғам қайраткерлігі, ұрпақтары жайында әңгімеледі.  Содан соң жиналғандар кезекпен келіп, рухына бас иіп,  гүл шоқтарын қойды.

Ауылдағы Ә.Сәрсенбаев атындағы орта мектеп алдындағы ақын ескерткіш маңында «Туған жердің аспанында қалықтаған ақша бұлт» атты шағын жиын өтті. Мұнда да қарымды қаламгерлігімен әлемге танылған азаматтың өмірдерегі, шығармашылығы таныстырылды. Мектеп директоры Данияр Сабыров шараға қатысушыларға қош келдіңін айтты, білім ордасының өнерлі оқушылары Әбу ақынның жырларын жатқа оқыды. Ақын-журналист Таңатар Дәрелұлы бар қазаққа қамқор болған Әбу ағадан өзі де шапағат сезінгенін, бүгін құрмет көрсетіліп жатқан екі тұлғаның да ескерткішкіштерінің орнатылуына кезінде «Мақаш» ӨК төрағасы болған Өмірзақ Қажымғалиұлының көп еңбегі болғанын айтып, сиясы кеуіп үлгермен «Ұлы абыз, ақ адам» өлеңін оқыды. Әбу атаның келіні, ауыл тұрғыны Мәдениет апай оның адами қасиетін, қарапайымдылығын еске алды. Ақша бұл ақынның ескерткіші де гүлге көмкеріліп, қаламгерлік құдіретіне тағзым етілді.

Мәдени көпшілік шара ауыл сыртындағы алаңқайда халқымыздың дана да дара тұлғаларының құрметіне арналған ат бәйгесімен, ұлттық ойындармен, ашық аспан астындағы концертпен жалғасты.

Тамашалаушылардың делебесін қоздырып, қиқуға бастырғаны қылқұйрықтылардың шабысы болды. 

Күзгі күннің ызғарлы желі де, ат тұяғымен көтерілген қара шаң да олардың қызығушылықтарын бәсеңдетпеді. Алты шақырымдық тай жарысында сүйіндіктік Садырғалиев Мерғұланның «Сүйіндік» атты тайы оза шауып бірінші келіп, иесі мен барша азғырлықтарды бір сүйіндіріп тастады. Екінші болып Х.Ерғалиев ауылынан  келген Асланбек атбегінің лақап атын қызықтау «БТР» деп атаған тайы мәре сызығын пытырлатып өте шықты. Үшінші орынға Сүйіндіктен келген Бейімбетов Равильдің «Айторысы» табан тіреді. Алған орындарына сай жүлдеге іліккендерге 250, 200, 150 мың теңге көлемінде ақшалай байрақ табысталды. Тоғыз шақырымдық құнан бәйгеге тігілген 350, 250, 200 мың теңгелік жүлделер түгелдей алыстан ат арытып келгедердің қанжығасында кетті. Бірінші жүлдені Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауданынан келген Нұралы Кенжемұраттың «Дубай» атты сәйгүлігі иеленді. Екінші орын Қызылқоғаның Мұқырынан жүйрігін қосқан Мүтишов Азаматтың «Даламанына», үшінші орын Индердің Өрлігінен  келген Смағұл Абыйлайдың «Берекесіне» бұйырды.  Жиырма бір шақырымдық аламанда осы өрліктік Шонышов Олжастың «Айқасқасының» айы жанды.  Аламанда топ жарды деген атақпен бірге 600 мыңдық бас бәйгені бауырына басып, ауылына көңілді қайтты. Бір жақсысы екінші, үшінші орындарға тігілген 400, 300 мыңның байрақтары өзімізде қалды. Ауданға белгілі атбегілер, қызылобалық Ильяс Кенжемұратовтың «Ясон торысы» мен ақкөлдік Қасымов Ерсайынның «Тикош торысы» намысты қолдан бермеді.

Айбек НӘЖІМОВ,

Азамат ҒАЗИЗ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT