Өтіп бара жатқан жылды осындай қуанышты хабармен шығарып салып отырмыз.
Бұл ұзақ жылдар бойы қайталанбаған көрсеткіш! Бүгін «Серпердің» таралымы 6710 данаға жетіп отырса, мұнда алдымен әрдайым бізбен бірге болатын, індет кезінде де сүйікті газетінен қол үзбеген барша оқырмандарымыздың үлесі зор. Сіздердің қолдауларыңызды үнемі сезініп келеміз және сол үшін дән ризамыз! Сонымен қатар індет таралуына байланысты кездескен барлық ауыртпалықтарға қарамастан мерзімді баспасөзге жазылуды өз дәрежесінде ұйымдастырған аудан әкімі Қайрат Талапұлы бастаған атқарушы билік басында жүрген азаматтарға, округ әкімдері мен мекеме басшыларына, аз қамтылған отбасыларына демеушілік жасауын сұрағанымызда тартынып қалуды білмейтін кең пейілді кәсіпкерлерімізге шексіз ризашылығымызды білдіреміз! «Бірлік бар жерде тірлік бар», дегендей, қиын кезде, індет таралуы тоқтамай тұрғанда 6710 данаға жету оңай жұмыс емес. Біз ауданымыздың тұрғындарының ауызбіршілігін, зиялылығын әрдайым мақтан тұтамыз. Аталған көрсеткіш, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» екенін ісімен дәлелдей білген, әлемнің төрт бұрышындай болған оқырман, билік, кәсіпкер және редакция арасындағы тығыз байланыстың көрінісі.
Басталғалы тұрған Сиыр жылы барша оқырмандарымызға құт пен береке, мол қуаныш пен мереке сыйласын, әр шаңыраққа жақсылықтар жинасын деген ізгі тілегімізді білдіреміз. Індет келмеске кетіп, еліміз аман, іргеміз тыныш, болашағымыз жарқын болып, жылдан-жылға аман-есен жете берейік!
Құрметпен Айнагүл Шакупова,
Құрманғазы аудандық «Серпер» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы
.