Танымал блогер ауданымызда болды

(0 Votes)

Атырау облыстық ішкі саясат басқармасы, облыстық Жастар рухы, Атырау жастары және аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен аудандық орталықтандырылған кітапханада жиһанкез блогер Динара Болатпен кездесу кеші өтті.

Шараны аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова ашып, Астанадан ат арытып келген қонаққа қош келдіңін айтып, жылы лебізін білдірді. Кештің барысында танымал блогер саяхатты жоспарлаудың, тіл білудің, ғаламтор мен Google қосымшасының маңызы, жар таңдауда қателеспеу бағытында кеңірек сөз қозғап, өзі болған елдердің мәдениеті жайлы әсерлі әңгіме өрбітті. 7 жылда 43 елде болып, 3 танымдық кітап жазғанын, арманы ізге қоғам құру екенін жеткізді. Әйелдің өзін қоршаған ортадағы беделі, бала тәрбиесі туралы айтқан Динара Болат:

– Қыздар жар таңдауда мұқият болуы тиіс. Ойланып жасалған қадам өмірді жеңілдетеді. Бүгінгі қыздар күйеуге шығып алып, содан кейін оның кім екенін танып, жаңалық ашып жатады. Кейін опық жемес үшін күйеуге шықпай тұрып бұл қандай адам деп ойланбайды. Жас қыздарға айтарым жақсы ортаға ұмтылыңыздар. Өз армандарыңызға берік болыңыздар. Сіздерді өсіретін адамға жолығыңыздар. Ұрпақ тәрбиесіне үй де, қоғам да әсер етеді. Көп нәрсе әйелдің көңіл-күйіне байланысты тізбектеліп жүреді. Егер оның бойынан өзіне сенімділік кетсе, балалары және басқа адамдардың алдында қадір-қасиеті қаша бастайды. Бала алдында сыйлы болу үшін, қоғам алдында сыйлы болуы керек. Әйелге ең бастысы – мінез қажет. Өз бақыты үшін күресе алғандар ғана бәріне қол жеткізеді. Томсырайып жүре берсе, оны баласы да сыйламайды. Бір жетістікке жетіп өзін көрсетсе бәрі мойындайды. «Менің анам осындай», деп ұрпағы да мақтаныш тұтады. Тағы бір айта кетер жайт баланы тыңдай білу де маңызды. Бала сізге сырын айтып отырмаса бөлек адам болып кетеді. Адамды жақсы көру – ол ең алдымен оны тыңдай білу. Ішіндегісін ақтарыла жеткізсе, араларыңыз жақындай түседі. Сынамай, сөкпей, «Біз сендей кезімізде өйткенбіз, бүйткенбіз», демей, мұқият тыңдаңыз. Әйтпесе, өзін тыңдайтын адамды даладан іздейді. Ұрпағымыз шешеге сырын айтатын, әкеден ақыл-кеңес сұрайтын болып өссе ғана біз бақытты Қазақстанды құрамыз, – деп қатысушылар тарапынан туындаған сұрақтарға жауап қайтарды.

Блогер Динара Болаттың есімі Қазақстанға жақсы танымал болғандықтан оны құрмет тұтатын, әлеуметтік желіде үнемі хат жазысып отыратын қыз-келіншектер ауданымыздан да табылды. Олардың бірі Динараға қиын жағдайда қалғанда берген ақыл-кеңесінің көмегі тигенін жеткізсе, екіншісі қызының айтуымен жұмыстан арнайы келіп отырғанынан хабардар етті. Ұялы телефон арқылы да біраз сұрақтар берілді. Әлеуметтік желі жұлдызына қатысушылардың ықыласы ерекше екенін байқадық. Соңында кеш қонағы өз кітаптарын қолтаңба жазып таратты.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT