Таңғажайып тұңғиықгүл

(0 Votes)

Ауданымызда соңғы жылдары бұрын болмаған тұңғиықгүл (лотос) өсуде. Табиғаттың Тәуелсіздік алғанымыздан кейін тарту ете салған сыйы тәрізді. Жайқалып, өзінің сұлулығымен, хош иісімен жаныңды баурайды. 

Тұңғиықгүл – Қызыл кітапқа енген өсімдік. Қазақстанның кез-келген жерде кездеспейді. Бұл өсімдіктің гүлі өте әдемі және үнемі күнге қарап тұрады. Ғалымдар бұл құбылысты гүлде жарық сенсорының орналасуымен түсіндіреді. Құпияға толы тұңғиықгүлдің сипаттамалары Грек, Қытай, Үндістан, Мысыр және басқа да ежелгі халықтардың көптеген мифтері мен аңыздарында кездеседі. Ежелгі грек аңызында Гераклге ғашық болған жас нимфа туралы айтылады. Жан теңелмес сұлу қыз түнін су астында өткізіп, күн алқызыл шапағын шашқанда жүзіп шығып жуынады екен.

Бір күні Геракл де ертемен өзенге суға түсуге келеді. Оны көрген нимфа батырмен сөйлеспек ниетпен жүзіп оған жақындайды. Алайда, сұлу жігітті көрген бойда ғашық болады. Көзін алмастан қарап, есінен танғандай, аузына сөз түспейді. Не үшін жүзіп келгенін ұмытады. Геракл болса оны байқамастан жүріп кетеді. Жас сұлу ғашықтық отына өртеніп, онсыз өмір сүргенді қаламайды. Қайтып су астына сүңги алмай, тұрған жерінде сұлу гүлге айналады. Грек қыздары ежелгі заманда тұңғиықгүлді сұлулығына қызығып онымен шаштарын әсемдеп, киімдеріне таққан. Қазір де мінсіз сұлулықтың, тазалықтың, нәзіктіктің символы болып саналады. Өйткені ол батпақты және сазды суда пайда болып, тап-таза, сұлу қалпында қалады. Суда тұрса да әрқашан құрғақтығын, сонымен бірге балғындығын, бойында салқындығын сақтайды. Балшықтан өсіп шыққанымен ешқашан ластанбайды. Оның жапырақтары мен жапырақшаларының ерекше құрылымы үстіне түскен барлық кірді жинап, суға итеріп жібереді. Дәл осы тазалығы тұңғиықгүлді рухани жетілудің нышанына айналдырды. Оған қарап тұрып адам қандай ортада жүрсе де, жақсы немесе жаман болса да, ол әрқашан сана мен рухани тазалықты сақтауы керек деп ойлайсың.

Тұңғиықгүл – жұмбақ, қасиетті гүл, жарықтың бейнесі деп саналған. Ол көптеген рухани тәжірибелерде қолданылады, өйткені бұл өсімдіктің адамның аурасын тазартатыны және оның денсаулығына пайдалы әсер ететіні дәлелденген. Психикалық тепе-теңдікті қалпына келтіріп, сананың анықтығын жақсартады. Егер адам өзімен бірге жапырақтарын алып жүрсе немесе кем дегенде жарты сағат бойы осы өсімдікке қараса, онда біртіндеп санасы тазарады. Оның табиғаты күрделене түседі, ол біртіндеп өзінің көзқарасын рухани жағынан жетілдіруге назар аудара бастайды. Ұзақ уақыт бойы адамдарды өзінің сөзбен айтып жеткізгісіз сұлулығымен сүйсінтіп, сонымен қатар, дәмді тағам және көптеген ауруларға қарсы шипа беретін дәрі ретінде қызмет етуде. Медицинада емдік мақсатта пайдаланады.

Жоғарыда тұңғиықгүлдің жұмбақ екенін атап өттік. Ашылмаған сырлары көп. Басқа өсімдіктердің дәні бірнеше жыл тұрса, пайдасыз болады. Ал, оның дәні мыңдаған жылдар өтсе де қайта көктейді. Ғалымдар бұған күмәнданып, ежелгі қорымдардан қазып алынған тұқымдарына өз зерттеулерін жүргізді. Калифорния университетінің американдық ғалымдары 1300 жасқа тең тұқымнан лотос гүлін өсірді. Бірнеше күнде жайқалып шықты. Алайда, олар лотос тұқымдарының неліктен мыңдаған жылдар бойы өну қасиетіне ие екенін түсіндіре алмайды. Біздің дәуірімізге жеткен жазбалар: «Қызыл лотос – сұлу, ақ лотос – әсем. Балғын хош иіс сіздің бетіңізге тиіп, жаздың аптап ыстығын азайтады», дейді. Тағы бір таңқаларлық жаңалық бар. Лотос гүлдеген кезде және ол төрт күнге созылғанда, күндізгі уақытта ішінде 35 градус Цельсий температурасын сақтайды, ал, түнде гүл ішкі температураны 9 градусқа дейін төмендетеді. Түрлі-түсті тұңғиықгүлдер әртүрлі мағынаға ие. Ақ түстісі – ақыл-ой тазалығы мен рухани кемелдігін көрсетеді. Қызыл түстісі – сезімталдықтың, сүйіспеншілік пен жанашырлықтың нышаны ретінде танылады. Көгілдірі – даналық пен ақыл-ойды білдіреді. Алтын түстісі – толық жетілгендікті көрсетеді. Бұл гүлдің өсімдігінде бір уақытта тұқымдар, гүлдер мен бүршіктер болады. Олар өткенді, бүгінді және болашақты бейнелейді.

Жалпы тұңғиықгүл климаты қолайсыз біздің өңірге қалай келген десек, оны сонау орта ғасырларда Еділ бойына Ұлы Жібек жолымен көпестер жеткізген деген деректер бар. Олар өздері қоныстанған жердің әдемі болғанын қалаған. Ауданымызға Ресейдің Астрахан облысы аумағынан жеткен. Біздің жеріміздің тағы бір ерекше байлығы – осы тұңғиықгүлдер. Қолда барды бағалай білген де дұрыс. Қиғаш пен Шора өзендерінің Каспий теңізіне құятын сағалары бойында, теңіз жағалауында шілде-тамыз айларында бес мың гектардан астам жерде гүлдейді. Оған бару үшін су бойымен жарты сағаттан аса жүру керек. Есесіне керемет көріністің куәсі боласыз. Осындай сұлу гүлдің облысымыздың басқа өңірінде емес, біздің жерімізде өсуі – туристерді тартатыны анық. Оны көргісі келетіндер аз емес. Жақсылап жарнама жасаса бұл саланы дамытуға мүмкіндік мол. Бұл бір жағынан аудан бюджеті үшін де тиімді. Көршілес Ресей солай етіп отыр.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT