ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ – ТАБЫС КӨЗІ

(2 Votes)

Теңіз ауылдық округіндегі шаруа қожалық иелері арасында Теміртас Сұлтанғалиевтың да мерейі үстем, мәртебесі жоғары.

Ауылдан онша қашық емес жердегі, дұрысы "Бажан" теліміндегі оның 2 гектар алқапқа егілген қарбыз, қауын, қияр егістігін көзбен көріп, танысудың сәті түсті. Алқап төсін жапқан ала қарбыздар моншақтап тізіліп бұл өнімнің қаншалықты мол шыққандығына дәлел болғандай.

Шаруа иесі Теміртас аға ертеңді-кеш осында ерте көктемде жұбайы Гүлмаржан Рахметқалиева екеуі отырғызып, сурапы, шөптеген, тынбай бейнеттенген, көбісі қарбыз өнімдерінің тұтынушыға рәсуасыз жетіп, өздеріне де, өзгеге де пайда келтіруін қалайды. Оның күнге тотығып, ыстыққа қақталғаны жүзінен ақ көрініп тұр. Бейнетсіз адам қолы неге жетеді деген ойға шақырғандай.

- Осы 2 гектарға егілген қарбыз, қауынды өткізудің өзі зор күш. Аудан базарында біз сияқтылар жер-жерде сатуда. Әркімге де күнелтіс керек. кінәлай алмайсың. Мына бітік өскен қарбыздар тамшылатып суарудың жемісі. Суға көп үнем, әрі тегіс суарылады. Ауылдастардан сұраныс жоғары. Бәз біреулер кейін есептесерміз деп алып жатыр. Бағасын анау айтқан көтеріп тұрғанымыз жоқ, базардағыдан анағұрлым төмен. Жұбайым Гүлмаржан осы өнімдерді өткізу қамында, шығынымызды жаптық, шүкір. Өз балаларым, ауыл балалары көмекке келуде. Алушының аздығынан қарбыздардың недәуір бөлігінің пісуі асып кетіп, кәдеге аспай жатырғаны бар, қайтерсің бәріне де көнеміз ғой, - дейді ол.

"Бажан" учаскесі мықты соқалар   орнатылып, оған бармақтай жуан сым керіліп, мұқият қоршалыпты. Есесіне бұрын-соңды шықпаған пішен шығыпты. Қырлығында боз жусан желбіреп, жоңышқаны ауыстыратын мия, т.б. шөптер қалың көрінеді. Белуардан келетін іржәнік шытынап жарылып тұр. Бұрынғы "Теңіз" кеңшарында Маханов Абай деген айтулы механизатор болатын, тракторды зыр қақтырып, шөп шауып жүрген сол кісі екен. Уақытын бөліп, жұмысын тоқтатып, сұхбаттаса алмадық. Бірақ, оның осы телімдегі 35 гектар жердің шөбін орып, сапалы пішен дайындап жатқанын білдік. Мұндағы еңбеккерлердің айтуынша, оы Абай өз ісіне тұқана, темір тұлпарлардың тілін жетік білетін, бір минут уақытын босқа жібермейтін, өзіне тапсырылған істі жауапкершілікпен атқаратын азамат. Теміртас Сұлтанғаиевтың айтуынша, "Бабий" теліміндегі 65 гектар жерінен Ербол Ұзақбайұлы деген азамат біраз жігіттерімен пішен дайындауда. Бұл телімнің шөбі сапалы екені бұрыннан белгілі, Маңғыстаудағы қиын жағдайға орай қол ұшын беру бастамасын құптаған шаруагер Теміртас бір қорап, яғни сапалы 20 рулон пішенмен көмек жасапты. Бұл да оның қандай азамат екендігіне айғақ болғандай.

Осыннан бұрынғы ішкі істер бөлімінде абыройлы еңбек еткен Тұрғынбай Исаев ағамызды кезіктірдік. Теміртас жолдас еді, мынадай шаруаның қарбалас сәтінде қарап отыра алмай көмекке келіп едім, жұмыс жетеді деп қояды ол да мәз-майрам болып.

Т.Сұлтанғалиев көмекке келген кімді де құр қол жіберіп көрмепті. Біреулерге піскен өнімнен берсе, енді біреулердің малына пішенмен көмек жасайды. «Саған да, маған да болсын» талабын қалт жібермеген иманды, инабатты жан. Болса ғой, жігіттердің бәрі осындай деген ойда ала қарбыздар теңкие домаланған алқаптан көңілді аттанып, ебіл-себіл еңбек етіп жүрген дала ерлерімен қимай қоштастық.  

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT