Құрманғазы ауданында жастардың белсенділігін арттыру, білімін шыңдау және бірлікке ұйыту мақсатында «Talaptan» куиз ойыны ұйымдастырылды.
Бұл ерекше форматтағы зияткерлік сайыс Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының тікелей қолдауымен және "Азаматтық бастамалар орталығының" ұйымдастыруымен өткізілді. Ашық аспан астында, табиғат аясында өткен квиз — жастар үшін серпінді әрі есте қаларлық шара болды. Шараға көптеген көрермен жиналып, ауыл жастарына рухани қолдау көрсетті.
Ауданға қарасты 14 ауылдық округтен келген жастар 23 команда құрап, 115-тен астам қатысушы белсенділік танытты. Ойынның әр кезеңі қызықты әрі тартысты өтті. Қатысушылар логикалық ойлау, жылдамдық және командалық жұмыс дағдыларын көрсете білді. Тапқырлық пен логикалық ойлауды қажет ететін зияткерлік ойын нәтижесінде «Student» командасы жеңімпаз атанып, арнайы кубок, 50 000 теңгелік қаржылай сертификат пен дипломға ие болды. «Nurzhau UP» командасы ІІ орыннан, «Дыңғызыл 5G» командасы ІІІ орыннан көрінді. «Үздік команда» номинациясын «Джиги Джиги», «LotoStar», «Бес арыс» командалары иеленді. Олардың әрқайсысына кубок, диплом, қаржылай сертификаттар тапсырылды.
Айнагүл Күнұзаққызы