Талапкердің қадамын құптап, кеңесін аямайтын

(0 Votes)

Аудандық «Серпер» газетінің 90 жылдығы тұсында ауызға алатын қаламгердің бірі «Еділ-Жайық арасының абызы» атанған Рахмет Иманғалиев.

Ол 1963-1970 жылдар аралығында Теңіз аудандық «Ленин жолы» газетінде бөлім меңгерушісі болды.

Ағамыздың өзі «Шығармашылық шежіресінде» алпыс жылға жуық мезгіл қағаз шимайлағанын емес, аудандық газетке қатысты аз-кем айтқысы келгенін алға тартады. Бұған дейін ұстаздық мамандықта болған Рахаң газетке келгеннен кейін біржола жазу майданына кірісіп кетеді. Оның қаламы сантүрлі тақырыпты тебірене толғады.

Қиғаш қырандары, Азғыр ақиықтары, Теңіз тарландары Рахметтің туыс кейіпкерлеріне айналды. Оларға бару, жүздесу жолында қандай қиындықтарды бастан кешіреді. «Еділ жағасында» деген очеркте Астрахань облысы, Володар ауданы, Алтынжар ауылында қазақтың күй атасы Құрманағазының бейіті басында өткен қазақ өнерінің күйін шебер баяндай отырып, бауырлас екі халықтың өшпес махаббатын, ыстық ілтипатын шабыттана суреттейді. Автордың «Шалқар шамырқанған шақта» деген очеркі былай басталады:

-Тышқанбайда теңіз қатты тасып жатыр.

-Үйлер мен қораларды су басып кетіпті.

-Мал қайда?

Адамдар аман ба екен?

-Белгісіз...

Бұл хабар бүкіл ауданды аяғынан тік тұрғызады. Әрі қарай оқушы очеркке беріле кірісіп кетеді. Очерк газетке абырой әкелетін жетекші жанр екенін ескерсек, оған қойылатын талап та жоғары. Онда адамдардың болмысы, тыныс-тіршілігі, әсерлі еңбегі, сом тұлғасы, рухани бейнесі көркем тілмен баяндалып, оқырманды өмір айнасына қанықтырады. Ал аудандық газет бетінен Р.Иманғалиевтің жүрдек қалам мен жүйелі ойынан туған оқиғалар мен өмір желісі арқау болған қаншама туындылар шықпады дейсіз. Оларын шықты, қалды демей текшелеп жинап кітап материалына пайдаланды емес пе?

Р.Иманғалиев «Ленин жолының» 1968 жылы 15 шілде нөміріне «Ұштала түс, жас қалам»тақырыбымен әңгімелерге шолу жасапты. Содан үзінді келтірсек: «Бір қуантарлық нәрсе: қолына қалам ұстаған жас талапкерлердің ішінде алғашқы әуестенушілік қадамды әңгіме жазудан бастаушылар да баршылық. Оны редакцияға толассыз келіп жататын хаттардан анық көруге болады. Сондай бір топ хаттардың авторы Калинин ауылдық кеңесінің тұрғыны Жұмажан Қайсағалиев. Ол редакцияға «Қанға боялған күнделік», «Жаңбырлы түн», «Ана жүрегі», «Соқыр» деген әңгімелерін жіберіпті. Жалпы, жасалуы жағынан Жұмажан әңгімелері сөз етуге тұрарлық көркем туындылар. Оларда белгілі оқиға, жүйелі де жинақы композиция, өз қалінше дараланып көрсетілген кейіпкерде, әдемі тіл, әсерлі ой-түйіндер бар. Орта мектепті өткен жылы ғана бітірген жас автордың алғашқы адымынан анадай-мынадай кем-кетік байқалғанымен келешегінен үлкен үміт күтуге болады».

Осылайша тәуір жазылған туындыны бағалай тұра, әдебиетке қойылатын талаптар тұрғысынан кейбір ескерту, кеңестер айтады. Әрі қарай көп созбай тағы бір талапкер жайлы талғамын алға тартайық. «Алғашқы өлеңдерімен, азды-көпті мақалаларымен газет бетінде бұрыннан көрініп жүрген Мамлакат Жұбанғалиева енді екі әңгімесін жолдапты. Автордың бұл шығармалары ала сала баспасөзде жариялай қоятындай дап-дайын дүние болғанымен, жас талапкердің алғашқы аяқалысын өмірді тануы мен талғамын, бойдағы таланты мен алға қойған талабын толық аңғартатын туындылар. Аталған екі автор да Қошалақтың перзенттері. 

Бүгінгі баспасаөз күнінде, аудан айнасының 90 жылдығы қарсаңында қажымаған қаламгер ағамның рухына тағзым етіп еске алдым.

Е.Долайұлы

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT