С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің сахнасында бұрын-соңды болмаған Ақжелең фольклорлық ансамблінің "Ақсауыт" атты кеші өтті. Құрылғанына жарты жылға жуық уақыт болған өнер ұжымының тырнақалды концерттік кеші осы күнге дейін өңірге қарасты ауылдық округтерде оздырылып, қорытындысы аудан халқына қойылды.
"Ақжелеңнің" көркемдік жетекшісі Мейіржан Ихласов домра-прима, шертер, дауылпазда өнер көрсетті. Ал, вилончельде - Асылхан Галламов, қылқобыз және примақобызда - Альбина Жақсылықова, домбыра мен жетігенде - Жазира Мұхаммединова, домбырада - Айгерім Жасқайратова, баян, үшбұрыш (треугольник), дарбука, шылдырлы сынды аспапта - Ринат Махсотов ойнап, ансамбль мүшелері өздерінің бесаспаптығын танытты.
Екі бөлімнен тұрған концертте қазақ және әлем классиктерінің туындылары, саундтректер ойнатылды. Сонымен қатар, жергілікті әншілер Раушан Сәрсенова мен Ерасыл Самигуллаев ансамбльдің жетекшілігімен жанды дауыста халық әндерін орындап, Назерке Жұмабаева өзінің авторлық "Қазақ" биімен көптің қошеметіне бөленді. Шара соңында, аудандық ішкі саясат басқармасының басшысы Зияда Сәдуақасқызы, жас өнерпаздардан құралған ансамбльге қиындығы мен қызығы қатар жүретін өнер жолында қанаттарың талмай, "халықтық" атануды жазсын деген тілегін білдірді.
Жайдарлым Қайреден