Ғылым мен техника қанша дамыды десек те, табиғаттың бізге беймәлім құпиялары әлі де жетерлік.
Әсіресе халықтық медицинаның бір тармағынан тараған сынықшылық қасиеті бар жандарға елдің ықыласы қашанда ерекше. Ауданымызға қарасты Бірлік ауылында тұратын Екпін сынықшыны білмейтін жан кем де кем. Қала берді облысымызда, өзге де алыс-жақын аймақтарда жасаған емі аңыз болып таралып жүр. Расында, қасиет жолын ұстанған атамызға Ақтөбе, Маңғыстау өңірі мен көршілес Ресейден дертіне дауа іздеп ағылатындардың қарасы қалың. Шаңырағына арнайы ат басын тірегенде де сөзіміздің дәлелді екеніне тағы да көз жеткіздік. Үй сыртында сүйектері сынып, тобығы шығып кеткен бір топ жайсыз жағдайға тап болғандар кезек күтіп, тізіліп отыр... Кейіпкеріміздің ғұмыр жолына шағын шолу жасасақ, 1934 жылы 15 қыркүйекте Теңіз ауданы, Ботақан селолық советіне қарасты Мәле деген жерде дүниеге келген. Әкесі ұлы өмірге келмей тұрып уақыт еткен. Жастайынан сабақтан тыс уақытында анасына көмектесу мақсатында балықшылармен бірге су маржандарын аулап, еңбекке ерте араласқан.
1959 жылы «Амангелді» ұжымшарында егінде бригадир болады. 1972 жылы екі ұжымшар бірігіп, 1972 жылы «Қызылтаң» ұжымшарында бригадир қызметін атқарады. 1996 жылы зейнетке шығады. 1862 жылы туған әжесі Сарай Сүйінішәліқызы бүкіл теріскейге аты мәлім атақты сынықшы болған екен. Қасиетін келіні Тәбен жалғастырып, жұмыстан бос уақытында ауруы асқынған жандарды емдеп жазған. Ұрпақтан-ұрпаққа даритын бұл ерекше қасиет бойына қонуы қиынға соққанын жасырмайды Екпін Қаресов. 1970 жылы анасы дүние салғаннан кейін сол жылдың тамыз айынан бастап сынықшы атанады. Марқұм жары Уәсила Исмақовамен 60 жыл отасқан. Сынықшының жары деген атаққа сай келімді-кетімді қонағына дастарханын жайып, ықылас-ниетін ізгілікке бағыштаған жан болыпты. Өрбіткен 3 ұл, 5 қызы тағылымды тәрбиелерінің арқасында өсіп-өніп, ұрпақ сүйіп, абыройлы қызмет етіп, әулетінің алтын діңгегіне айналған атамыздың ақ батасына бөленіп отыр.
-Сынған сүйек рентгендегідей көзіме анық көрініп тұрады. Талай рет қисық біткен сүйекті қайта салған кездерім де болды. Алдыма келген адамдардың ешқайсысы да ренішін білдірген емес. Жаны мұрнының ұшына таяп келген науқастарға қолдан келген шипаны көрсеткен сауап. Сынған сүйектерді орнына келтірген сайын бойым жеңілдеп, рахат күй кешемін,-дейді кейіпкеріміз. Дәрі-дәрмек пен басқа да емдеу құралдарын қолданбай-ақ өте күрделі сынықтарды әп-сәтте жазып шыққан қолы шипалы жанның қарекетін емделушілер де, білікті мамандар да мойындайды. Шынында әр сүйектің өз орны, кигізетін кетігі бар тұтас жаратылыс, бірегей механизм ғой. Басынан өткен осы жайларды айтып отырғанда сынықшы атамыз бірнеше адамның шыққан қол-аяғын салып, сынған сүйекті қалпына келтіріп үлгерді. Қолы сондай жылдам. Ойыншық үйшік құрастырғандай жұмысын әңгіме айтып отырып-ақ тез-тез істейді. Сөзі мен ісі қабысқанына өзіміз куә болдық. Ал, сиыры, аты мертіккенде де қатарға қосып жібергендері де жетерлік. Сынықшының атақ-даңқ, байлық қумағанына бір дәлел, ол кісі қазіргі қайткенде де өзін жарнамалауға құмар емшілер сияқты алдына келіп жазылып кеткендердің тізімін алып, тілегін жаздырып, хаттап отыруға құлықты болмапты. Және оны қажет деп санамаса да керек. Бұл да қасиет қонған жанның қарапайымдылығы, адалдығы, адамгершілігі екені даусыз.
Бүгінде жасы тоқсанға таяған Екпін Қаресов бейнетті еңбегінің зейнетін көріп, қариялық кезінде тың жүріп-тұруын халықтың алғыс-тілегімен ұштастырып, Аллаға шүкіршілік айтудан танбайды. Үмітсіз деген талай науқастың аяқтан тік тұруына жәрдем беріп жүрген абыз ақсақалдай әр пенде өзінше бір жер бетінде көмескіленіп бара жатқан жақсылықтың шырақшысы атануға ниеттенсе қандай ғанибет!
Еркеназ Қалижан