Талабына нұр жауған Нұржанар мен Нұржахан

(0 Votes)

Құнарлы Азғыр өңірінің киелі топырағында керемет қасиет бар. Себебі елі де ұйымшыл, халқы да өршіл, талай дарындылар мен таланттар өсіп шыққан әйгілі өнер жанаты аталады.

Төскейі төрт түлік малға толы, жайқалған шабындығы, сағымдай иірілген, теңіздей толқыған ақ шағылы, саф ауасы бар қазыналы өлке. Еңбекте, оқу мен тоқудың, ғылым мен мәдениеттің, өнер мен спорттың небір саңлақтары аймақтың мерейін арттырып, әлемге паш етуі де мақтаныш емес пе?! Осылайша сөз қозғауымыздың мәнісі отызға жетпей орда бұзып, туған жерінің атағын жарқыратып, есімдерін республика көлеміне танытқан Ғалым немерелері Ғайсат қыздары Нұржанар, Нұржахан сияқты жас ғалымдардың төскейден шауып, төрге озған тамаша жетістіктері туралы.

Нұржанар 1998 жылы 25 шілдеде ауданымыздың Балқұдық ауылында дүниеге келген. Балқұдық орта мектебіне дайындық сыныбына барып, әке-анасының аудан орталығына қоныс аударуына байланысты осындағы М.Әуезов атындағы орта мектепте 11 жыл оқып, бұл білім ордасын үздік бітірді. Нұржанар оқушы кезінде-ақ өте алғыр әрі зерделілігі, талантымен танылды. Ғылыми негіздегі химия пәні олимпиадасына үш рет қатарынан қатысып, облыстық, республикалық сайыста жеңімпаз атанды. Сондай-ақ спорт, өнер бәсекесінде жүлдегерлер сапында болды. Сөйтіп, мектеп бітірерде мемлекеттік грантқа ие болып, 2015 жылы Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «5В011200 - химия» мамандығына құжат тапсырып, сыннан сүрінбей өтті. Жас дарын бірден білімділігімен көзге түсті. Оның ізденісі, мамандығына деген сүйіспеншілігі, ынтазарлығы ұстаздарының сенімін жоғарылатып, абыройын арттырды. Осылайша университет басшылығы 2016 жылы Нұржанар Ғайсатқызын Литва елінің астанасы Вильнюс қаласындағы эдукологиялық университетіне жолдама беріп, академиялық ұшқырлық бағдарламасы бойынша білім алмасып келді. 2019 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін химия мамандығы бойынша үздік бітіріп шықты. Екі жыл осы университеттің химия білім беру мамандығы негізінде магистратурада оқып, нәтижелі аяқтады. 2019 жылдан бес жыл бойынша Ш.Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназияда химия пәнінің мұғалімі қызметін атқарып, өз шәкірттерінің сыйлысы атанды. Педагог-зерттеуші категориясын игерді.

Мектепте жұмыс жасай жүріп, ғылым жолында уақытпен санаспай тынымсыз шығармашылықпен маңдай терін төкті. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «8D01510 - Химия» білім беру бағдарламасы бойынша PHD докторантураға қабылданып, оны ойдағыдай тәмамдады. Университеттің ғылыми кеңесінің 2021 жылғы 27 қазандағы бұйрығы негізінде «Болашақ химия мұғалімдерін әлеуметтік-гуманитарлық қауіпсіздікті жүзеге асыруға даярлау әдістемесі» тақырыбындағы докторлық жұмыс бекітілді. Оның жетекшілігіне отандық ғалым, химия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Жазира Сағатбекқызы Мұқатаева, шетелдік кеңесші, педагогика ғылымдарының кандидаты, М.Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті Виктория Эдуардовна Огородник тағайындалды. Отандық және шетелдік ғылым шамшырақтары жас ғалым Нұржанар Ғалымованың диссертациялық жұмысына жоғары баға беріп, онда бірқатар ғылыми жаңалықтардың беті ашылғанын, құнды әдістемелер енгізілгеніне оң пікір білдірді. Нұржанар Ғайсатқызының диссертациялық жұмысының нәтижелері университеттің химия кафедрасының кеңейтілген мәжілісінің отырысында талқылауға ұсыныс берілді. Сөйтіп, 2025 жылы 17 қаңтарда отырыстың төрағасы, химия ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Н.С.Шыныбаева, хатшы, доктор, аға оқытушы Н.А.Шадин қол қойған хаттамада Нұржанар Ғалымованың ғылыми еңбегі кең түрде талқыланып, химия білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PHD) дәрежесін алу үшін дайындаған «Болашақ химия пәндері мұғалімдерін әлеуметтік-гуманитарлық қауіпсіздікті жүзеге асыруға даярлау әдістемесі» тақырыбындағы еңбегі диссертациялық кеңеске ұсынылсын деген шешім қабылданған. Нұржанар Ғайсатқызының диссертациялық зерттеу жұмыстарының нәтижелерін сынақтан өткізу және тәжірибеге енгізу шаралары Абай атындағы қазақ ұлттық университеті, жаратылыстану және география факультетінің химия кафедрасында М.Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университеті және Алматы қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназияда ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, Минск қаласындағы М.Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университетінде тағылымдамадан өтіп, ғылыми кеңесші, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент В.Э.Огородникпен сұхбат-пікір алмасу жүргізіліп, сертификат алынды. Нұржанар Ғайсатқызының ғылым саласындағы шығармалары, зерттеу мақалалары Қазақстан Республикасы ғылым және білім министрлігінің, жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті басылымдарында, республикалық газетінде жарияланып келеді. Сонымен бірге, республикада ұйымдастырылған халықаралық, шет елдегі ғылыми- тәжірибелік конференцияларда тақырыптық баяндамалар жасап, халықаралық ғылым мен білімді қорғау орталығының қызметіне белсене қатысады. Ғалымова Нұржанар Ғайсатқызы – жастар арасынан ауданымыздан, соның ішінде Азғыр өңірінен шыққан алғашқы ғалымдардың бірі. Оның диссертациялық жұмысы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, осы саладағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің «ғылыми дәрежелер беру туралы» ережелерінің талаптары мен «8D01510-Химия» білім беру бағдарламасына сәйкес ғылыми жаңалығы, теориялық және тәжірибелік мәнділігі қазіргі заман талаптарына сай, осы сала бойынша ғылымды қамтуға сүбелі үлес қосатын нәтижелі еңбек болып табылады. Сөйтіп, Нұржанар Ғайсатқызы 2025 жылдың 19 маусымында диссертациялық кеңестің шешімі негізінде философия докторы (PһD) атағын қорғап шығып, химия бағыты бойынша еліміздің ең жас философия докторы болып танылды. Нұржанардың тетелес сіңлісі Нұржахан да ата-ананың көз қуанышына айналған, ғылым мен білім жолында арман мен мақсатының жетегінде жүрген талантты перзент. Орта мектепті «Алтын белгімен» бітірді, оқып жүрген жылдарында халықаралық, облыстық, аудандық білім сайыстарының бірнеше дүркін жүлдегері. Қолына орта білім туралы аттестатын алысымен 2019 жылы Сүлеймен Демирел атындағы университетке құжаттарын тапсырып, жоғары балл жинап, «ақпараттық жүйелер» мамандығына грантпен оқуға түсті. Университет қабырғасында жүріп, білім сайыстарының бас жүлдесін иемденді, 2022-2023 жылдары «Инженерлік және жаратылыстану ғылымдары» факультетінде қызмет атқарып, халықаралық олимпиадасын ұйымдастыруға қатысып, осы шараға арналған веб-сайт жасады. 2023 жылы университетті «ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша үздік бітіріп шықты. Білімін одан әрі жетілдіру мақсатында Астанадағы Astana IT университетінің «7М06105» - компьютерлік ғылымдар және инженерия» мамандығы бойынша магистратурада білім алып, үздік аяқтады. 2023 жылдан бері Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің IT цифрлық департаментінде жетекші бағдарламалаушы қызметін ойдағыдай атқарып, өз ортасының білікті қызметкері атануда. Нұржаханның да алға қойған мақсаты аз емес. Болашақта барлық тәжірибені бойы мен ойына жинап, қазіргі таңдағы академиялық және кәсіптік бағыттың қатар дамып жатқан кезеңінде IT саласының мықты әрі тәжірибелі маманы болып, еліміздің цифрлық дамуына елеулі үлес қосуды негізгі міндеті санайды.

Бір шаңырақтан өрбіп, өнегелі тәрбие алып, саналарының самғауы, білім айдынында жас та болса дарындарымен танылуы ата-аналарының аялы қамқорлығы, еңбегінің жемісі екені анық. Шаңырақтың үлкендері, сексен жастан асса да әлі де еңбек сапынан қалмаған бабалары Ғалым, әжелері Дәмелі – Азғыр өңірінің қадірлілері. Тәуелсіздік алған жылдардан бері Ғалым ақсақал жеке шаруа қожалығын құрып, күні бүгінге дейін рахатшылық ғұмыр кешуде. Ұл-қыздары өсіп, үйлі- баранды. Ал, ғалым қыздардың әкелері Ғайсат – электрик-техник. Ұзақ жылдар бойына Балқұдық кеңшарының инженер-электригі міндетін атқарды. Өз ісінің шебері, ұқыпты азамат, бұл күнде кәсіпкерлікпен айналысады. Ал, аналары Жеміс – зоотехник, біраз мезгіл шаруашылықта еңбек етті. Қазірде аудан орталығындағы обаға қарсы күрес мекемесінде қызметкер. Міне, Ғайсат пен Жеміс талантты ұрпақтарының арқасында абыройға бөленген отбасы иелері. Тұңғыштары Нұрғасыр мен Нұржанардан ұрпақ жалғасып, бүгінде екі немере бір жиен сүйіп, құдандалы болып, өрістері кеңейіп отыр.

Ата-ана абыройын биіктеткен, жанар таудай жарқырап, туған жерлерінің мерейін арттырған, отызға жетпей кең арнадай толысып, кемерленген екі жасқа алар асуларың биік болғай, әрқашанда ақ жол, сәттілік тілейміз.

Жұмақай ҒҰМАРОВ,

Қазақ журналистикасының қайраткері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT