Аудандық Мәслихаттың өткен сессиясында бірқатар көкейкесті мәселелер қозғалды. Соның бірі де бірегейі деп ауданның жер көлемінде жұмыс жасап жатқан мұнай компанияларындағы еңбеккерлердің әлеуметтік тұрмыстық ахуалы және осы компаниялардың жергілікті жерден адамдарды жұмысқа алулары, аудандағы түйткілді мәселелерге демеушілік көмектері.
Бұл мәселе депутаттар, тиісті лауазым иелері тарапынан күн ілгері тексеріліп, газет арқылы нәтижесі мәлім болғандықтан жұртшылық, тіпті өзіміз де біршама хабардар болып, разылығымызды туындатты.
Осы мәселе сессия үстінде екінші болып қаралу сәтінде компания өкілдеріне аудан орталығына жасыл ағаш талдарын әкеліп отырғызуды міндеттеріңізге неге алмайсыздар деген де сауал-өтініш айтылып қалды.
Көкейімізде барын оқсата алмай отырғанымыз жоқ па, деген реніш көлденеңдеді. Соңғы 2-3 жыл бедерінде орталық көшелердегі өсіп тұрған теректер кейбір тұстарда су жоқтықтан қурай бастады.
Мәселен, депутат Нұрлан Құсайыновтың мекемесі алдындағы әулеген бәйтеректерді кезінде осы жолдардың авторы аудандық, облыстық газеттерге үлгі етіп жазды да. Қазіргі сиқы тым аянышты, не, көзіміз көрмей жүр ме?
Аманжан Такешов әкім болып тұрғанында құрылысшылар мөлтек ауданындағы жолдың ауданнан батысқа бағыт алғандағы оң жақ қапталына өзі бастап қолына күрек алып, көптеген лауазым иелері – біз қостап, ұзына бойға терек ектік. 3-4 жыл шамасында мәуелеп бой созып, көз қуанышына айналды. Оны үйі көршілес азамат Ұлыбек Азатовтың көктемде артық бұтақтарын кесіп, бұзау, баспақтар өтетін тұстарын сыммен торлап, шандып, тіпті арам шөптен арылтып жүргеніне разы болып, ақысыз да осындай өнеге көрсететін азаматтар бар деп Ұлекеңнің ұлағатын газет арқылы аудан жұртшылығына паш еткенбіз. Орта бойдағы батыстан үшінші теректі депутат Рифхат Сұлтанияев екеуіміз «біздікі болсын» деп меншіктедік. Қазіргі сиқы – біртіндеп ұзынсирақтанып, жапырақтарынан ерте тоналып, бірқатары қурап, қуарып барады.
- Ұлеке, мыналарға не болды, - дейміз ғой өткенде көргенде ақысыз қамқоршысына,
- Қой құрысын, суарылмайды, қаталап өліп жатыр, звондап-звондап шаршадым, ешқандай нәтиже жоқ, қойдым біржола, дейді ол кәдімгідей ренжіп.
Осы сияқты, ауданның бірқатар тұстарындағы жасыл ағаштардың су сұрап тұрғанын көрмеу мүмкін емес. Өткенде кештіғұрым ерінбей өкпе аурулары санаториясы болған еңселі ғимаратқа осы жолдардың авторы қызығушылықпен табан тигізді. Өйткені, ұшары көкке сүңгіген бәйтеректерінің қуарып жатқаны алыстан ақ байқалатын. Жақсы, мекеме жабылды – ақ дейік, бірақ теректерінің жазығы жоқ, туған өңірдің ажары еді ғой. Көрдік айналасы ақ қабыршақ ақ тандырға айналып біртіндеп солып, өліп жатыр.
Тойхана иелері де қас бетінен төмен егілген теректеріне темекі тұқылын толтырғандары болмаса, суарып, жөндеп күтіп отырғандары жоқ. Атырауда кейбір тойханалар алдыгүлзар баққа айналғаны соншалық, көз айырғысыз. Дүкен-дүңгіршек иелері де айналасын айдай тақыр қылып қойған, бір-бір қоқыс салғыштары қараяды. Кейісінде ол да жоқ.
Кінәліні іздеп, кінәсізді түгендеу біздің құзіретіміздегі шаруа емес. Ең бастысы, мұнайлы өңірдегі ең көрікті, құдіретті орталық – Құрманғазыдағы бұған дейінгі бой созан теректеріміз еріндері кезеріп, ерте солмаса екен деген оң ниет ғана біздікі. Мұнай компаниялары ек десе, егіп те берер, бірақ біз суару мәселесін ұмыт қалдырамыз ғой тағы да.
Бұған да біреулер ренжір ме екен?
Таңатар Дәрелұлы,
Атырау облыстық мәслихатының бұрынғы екі бірдей шақырылымының депутаты