«Таксилер» қашанғы тайраңдайды?

(0 Votes)

Мереке келіп, демалыс күндері басталса болды, қаладан ауылға ағылушылардың қарасы көбейеді.

Олардың басым бөлігі үйіне асыққан студенттер, қауырт жұмыстан уақыт босатқан отбасына қыдырып келушілер. Атырау мен Құрманғазы арасында қатынайтын таксистер де соны баққандай, ауылға жету үшін бағаны екі есе аспандатып жібереді. Өйткені, ондай жүргіншілер қанша сұрасаң да беруден тайсалмасын көлік жүргізушілері де жаттап алған. Олар қарапайым халықтан 3500 – 4000 теңге емес, 7 000 – 15 000 теңге аралығында жолақы алған екен. Оған мысал – кешегі мейрам күндері.

Қазір әлеуметтік желіде таксидің бағасынан ашынған аналардың аудиожазбасы жарияланды. Ондағы мәліметке сенсек, студент қызының барып-келу билеті 14 000-ды құраған. Ал, жолаушылар пойызына билет тіптен жоқ. Аудандық кәсіпкерлер чатына жазылған жазбада: - Такси бағасы тұрақтайды деп БАҚ  беттерінде жарияладыңыздар. Алайда, ауыл мен қала базарындағы көлік жүргізушілерін қадағалап жатқан ешкім жоқ. Сонда мереке кезінде балаларымыздың үйіне келуі осындай үлкен проблема болмақ па?! Мұның алдын кім алады?-делінген. Ал, тағы бірінде Атыраудағы «Дина» базарында ауданға қайта алмай жүргендердің көптігі, жүргізушілердің көліктері тұрақтан жыраққа қойып, олардың бір-бірден келіп кісі жинап, тасып жатқанын айтады. – Бұл бүгін ғана орын алып отырған жағдай емес. Елге жету үшін амалсыз келісеміз. Тек жүргізушілердің адамдықтан айрылып бара жатқанына ішің ашиды. Жарайды, 1-2 мың қоссын, бірақ 8 – 10 мың дегендер артық қой, қалтаға қиын соғады. Бір үйден 2-3 кісі отыруы мүмкін.  Оған қоса, көліктердің бәрі де газбен қатынайды,-делінген.

Ер арасында жүрген жазбаның анық-қанығын білмекке аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрлыбек Бекетұлына, аудандық салық басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Насиповке хабарластық. Олар мән-жаймен таныс екендігін, алайда, Үкімет жариялаған мораторийға сәйкес тексеріс жүргізе алмайтынын мәлімдеді.  – Аудан әкімінің тапсырмасы бойынша қаңтар оқиғасынан кейін қала мен ауыл арасына қатынайтын таксистермен кездестік. Оған ІІБ, кәсіпкерлік және салық бөлімінің мамандары, әкімдік өкілдері қатысты. Көлік жүргізушілері жолақының  асқақтау себебін нашар жолмен, керекті құрал-жабдық бағасының өсуімен, автокөлікке көрсетілетін сервистік қызмет қымбаттауымен, пойыз жүргелі аптаға екі рет жүретіндіктерімен түсіндірді. 25-ке жуық көлік жүргізушілерімен өткен кездесуде олардан ауызша негізде жолақыны 4000 теңгеден асырмаймыз деген уәде алған едік, қорытындысын көріп тұрсыздар. Десе де, қазір жауын-шашынның көп түсуіне сәйкес жолда жүру мүмкін емес,-деп жауап берді лауазым өкілдері.

 

Жайдарлым Еркебұланқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521