Тағылымы мол тәлімгер

(0 Votes)

Кешегі Котяев, бүгінгі Бөкейхан ауылында дүниеге келіп, саналы ғұмырының жарты ғасырға жуық уақытын ұстаздыққа арнаған Сәуле Шайхиева – бүгінде еткен еңбегінің тәтті жемісін татып отырған бақытты жан.

Ол түрлі білім беру ұйымдарында білім беріп, мектеп-интернатта тәрбиеші болды. Ел ертеңін еселер көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар тәрбиелеу ісіне үлкен үлес қосты. Келешек ұрпақтың көзін ашып, көкірегін оятуға айрықша үлес қосты. О заманда жоғары білім алудың өзі оңайға түспегенін алдыңғы буын өкілдері жақсы біледі. Жасыратыны жоқ, ол үшін Құдай берген дарының, не болмаса білуге деген ыстық ықыласың болуы керек. Ал, кейіпкерімізде осының екеуі де болды.

Сәуле Мағауқызы ұлы Абайдың: «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап, әуре етеді ішінен қулық сақтап, өзіңе сен өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап» деген өлеңін жастардың есіне салып отырды. Сөйтіп, аумалы-төкпелі кезеңде өзіндік қолтаңбасын қалдырған ұстаз «еңбек етсең, емерсің» деген қағиданы әрбір шәкіртіне шегелеп жеткізді. Әсіресе, көрнекі құралдарды пайдалана отырып, білім беру әдісін ерекше екшеп алуға болады. Ол кеңес дәуірінің ұрпағы бола тұра, ескіліктің есігін жауып, жаңалыққа жол ашты. Себебі, жаны жаңашылдыққа жақын еді. Сөйткен ол мамандыққа адалдық танытып, белі бүгіліп, зейнет жасына жеткенше қолынан қаламы мен журналын, боры мен «указкасын» тастамады. Түрлі деңгейдегі білім сайыстарына шәкірттер дайындады. Есесіне, жүздеген шәкірті түрлі деңгейдегі талай білім бәйгелері мен өнер байқауларында, спорт сайыстары мен басқа да жарыстарда топ жарып, ел мақтанышына айналды.

Сондай-ақ, Сәуле Мағауқызы өзінің тәрбиесінде болған балаларға жүрек жылуын сыйлап қана қоймай, олардың алдағы өмірінің жарқын болуына да үлкен үлес қосты. Мектеп-интернаттан түлеп ұшқан соң да, кәсіби бағыт-бағдар берді. Қанаттары қатайып, есейген шақта да өз теңдерін тауып, үлгілі отбасы, бақытты жанұя болып кетуіне де араласты.

– Зымырандай зулаған уақыт керуені қайда көшіріп апарса да, жұмырбасты пенде содан бақ табуы тиіс қой. Бұл – тіршіліктің темірдей тәртібі, бұлжымас шарты. Біз де сол заңдылыққа бағындық. Жалпы, мұғалім оқушының қызығушылығын оята отырып, көздеген мақсат-мұратына жетеді. Ал, техниканың тілін білмей, біреуге бірдеңе үйрету қараңғы бөлмеде қара мысықты іздегенмен бірдей. Міне, сондықтан, методикалық ойын тетіктерін ұтымды пайдалана білген жөн. Баланың бірі жылтыраққа құмар болса, екіншісі басқалай да нәрселерге әуес келеді. Соны дер кезінде байқау үшін психологиялық түйсік қажет. Көп нәрсе оқушының жас ерекшелігіне келіп тіреледі. Әр жастағы баламен тілдесудің өз формасы болады, - дейді ол.

Ұстаздық сапар аяқталса да, одан кейінгі көптен күткен кездесулер мен қызықты қауышулар легі үзілген емес. Онда білім бөлімі, кәсіподақ ұйымы және басқа да білім беру мекемелері ұлағатты ұстазға ақ алғыстарын білдіріп жатты. Соның бірінде: «Сіздің шәкірттеріңіз – үлкен өмірге жолдама алып, қазір де құрметті еңбек демалысына шыққан ақжаулықты аналар мен мәуелі бәйтерек атанған ақсақалдар. Сіз де өз салаңыз бойынша абыройлы қызмет атқарып, ел игілігі жолында есепсіз еселі еңбек етіп келдіңіз. Соның арқасында әріптестеріңіздің ризашылығына бөленген абыройлы жансыз. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне ерік-жігеріңіз бен күш-қайратыңызды сарқа жұмсадыңыз. Айналаңызға амандық, жаныңызға жақсылық, деніңізге саулық, басыңызға бақыт, шаңырағыңызға шаттық, ғибратты ғұмыр, аласармас абырой тілейміз!» делінген. Ендеше, осыдан асқан қандай тілек, артық баға болар?!      

Ал, өз кезегінде балаларындай болып кеткен шәкірттері өздеріне аналарын алмастырған ұстаздарының туған күнінде, яғни, 5 қаңтарда шаңырағына барып, құттықтау лебіздері мен жылы сөздерін арнауды дәстүрге айналдырған. Бүл күні олар өздерін еңбектеген баладан еңселі ел азаматына дейін өсіріп-өндірген екінші аналарына ақжарма алғыстарын айтып, естелік сыйлықтарын да ала келеді.

– Сәуле апайдың шаш үлгісінен бастап жүріс-тұрысына дейін сүйсіне қарайтынбыз. Қолға алған қай бастамасы болмасын, біздер үшін үлгі аларлық үлкен іс болатын. Ұстазымыз жеткен жетістіктердің көптігі соншалық, саусақпен санауға келмейді, – дейді шәкірттері. 

...Сәуле Мағауқызы тағдырдан талай теперіш көрген кездерінде де еш мойымады. Өмірдің өткір сындарынан сүрінбей өтті. Әйтсе де, 2017 жылы ауыр науқастан көз жұмған асыл жары Сағынтай Шамарұлының қазасы жанына тым қатты батты. Сонда да, еш мойымай, қиындыққа қасқайып қарсы тұрды. Сонысымен көпке үлгі болып отырған жайы бар.

Әділет АМАНГЕЛДІ

Бөкейхан ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT