Ауданымызда «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Салауатты сана» республикалық жобалары аясында «Ана.Отбасы.Қоғам» тақырыбында облыстық аналар форумы өтті.
Форум 130 жылдық тарихы бар Абай атындағы жалпы орта мектебінде, «Қауіпсіз болашақ үшін: Лудоманиямен күрестегі ана мен қоғам бірлігі» қауіпсіздік сағатынан бастау алды. Оның жұмысына Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, Қазақстан Халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанай, орынбасары Баян Ақатай, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Ассамблея және қоғамдық-көпшілік шараларды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Кенжегүл Мусағалиева, ҚХА Атырау облыстық «Алтын шаңырақ» аналар кеңесінің төрағасы Әбіш Жанар, аудан әкімінің орынбасары Қайрат Бөлеков, аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиева, аудандық «Ұлағат» аналар, «Алқа» жас аналар мектебінен аналар мен әжелер, ата-аналар, жастар, ұстаздар, психологтар, дін өкілдері, полиция бөлімі, дәрігер, оқушылар қатысты. Алдымен қатысушыларға аудандық аналар кеңесі, аудандық орталықтандырылған кітапхана, Абай орта мектебі, Құрманғазы ауылдық округі жанындағы аналар кеңестерінің атқарған жұмыстары фотослайд арқылы таныстырылды. Мектеп директоры Жамал Хасанова астаналық қонақтарға қош келдіңін айтып, білім ұясының жетістіктерін әйгілейтін шағын көрмені назарларына ұсынды.
«Қауіпсіз болашақ үшін: Лудоманиямен күрестегі ана мен қоғам бірлігі» қауіпсіздік сағаты педагогикалық дәрісін модератор, Абай атындағы жалпы орта мектеп директорының орынбасары, « Бойтұмар» аналар мен балалардың театр клубының жетекшісі Анар Хашуова жүргізді. Педагогикалық дәрістің мақсаты – аналар мен қоғамның бірлігін нығайта отырып, жастарды құмар ойынның зиянынан қорғау жолдарын бірге қарастыру. Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Қуандықұлы қауіпсіздік сағатын ашып, шараға сәттілік тіледі. Лудомания жайлы бейнеролик көрсетіліп, спикерлер лудоманияның психологиялық себептері, бала денсаулығына зияны, заң тұрғысынан қандай шектеулер бар, мемлекет қандай қадамдар жасап отыр, одан арылуда ана мен қоғамдық ортаның ролі, діннің жастарға өнегесі, осы және басқалары жөнінде тақырыпты ашатын түсініктер берді. Педагогикалық дәрісті модератор Анар Хашуова қорытып, аналардың «Жастарға үндеуі» жолданып, шара флешмобпен аяқталды.
С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен «Ана.Отбасы.Қоғам» тақырыбында облыстық аналар форумының «Жастар және қоғам: жаңа көзқарас» тақырыбындағы ІІ бөлігін Жазира Сәрсенғалиева жүргізді. Шара отбасылық бірліктің жарқын үлгісін көрсетіп жүрген ауданымызға танымал жас отбасылары Ұзағалиевтар, Шакуовтар, Өтепқалиевтер, Хабибуллиндер, Ажығалиевтар, Биғалиевтер, Бермұхановтар, Ғинаятовтар, Адуллаевтар, Нысановтардың шеруімен басталды. Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Бөлеков құттықтау сөз сөйлеп, жас отбасыларына аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті. Жас отбасы Алтынбек Биғалиев пен Айжанар Ғапуова «Жүректердің алауы» композициясын орындады.
Форумның «Ысырапшылдық – қоғам дерті», «Жаман әдет – қоғамға қауіпті» тақырыбындағы сессияларында спикерлер өздеріне берілген тақырыптар төңірегінде әңгіме өрбітті. Аудан өнерпазы Ерасыл Самиғоллаев «Анамның жаққан ошағы» әнін орындады.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, Қазақстан Халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанай: – «Қонақ аз отырып, көп сынайды», деп бекер айтпаған. Бүгін таңертеңнен бері Құрманғазы ауданында басқаларға үлгі етер жақсы жұмыстарға куә болдық. Сөз бастайтын ақсақал, жол бастайтын жастар, қол бастайтын батырлар бар екеніне көзіміз жетті. Соған қуаныштымыз. Біз, аналар кеңесінің мүшелері волонтерлерміз. Ешкім ақша төлемесе де, конкурстарға қатыспасақ та жас ұрпақ тәрбиесі үшін жұмыстанып жүре береміз, – деп, республикалық Қазақстан Халқы Ассамблеясының Алғыс хатымен аудандық соттың судьясы Бейбітгүл Менсейтова, адвокат Ұлмекен Сапарова, республикалық Аналар кеңесінің Алғыс хатымен Анар Мусина, «Алтын шаңырақ» атауымен Сәрсенбек Абуғалиев пен Галина Тілеуғалиева, «Күміс кереге» атауымен Байғазы Иманғалиев пен Ақжамал Нысанованы ұлығылады.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Ғайнетов республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанай мен орынбасары Баян Ақатайға «Халық қаһарманы Доспанова Хиуаз Қайырқызына 100 жыл» мерекелік медалі мен аудан тарихы жазылған энциклопедияны табыс етті. Форум жұмысын аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова қорытындылап, Дәреловтер отбасының келіндері Алтынтілек, Құралай, Арайға күміс білезік салып, «Өнегелі абысындар», 97 жастағы енесін бағып отырған зейнеткер Гүлбану Хайрлиеваға «Ақ келін» аталымдарын табыстап, иықтарына ақ орамал жапты. Қатысушыларға аудандық аналар кеңесі атынан ризашылығын білдірді. Шара Ахат Мұстафиннің орындауындағы «Құрманғазы – құт мекенім» әнімен тәмамдалды.
Қанат ҒҰМАРОВ