Тағы бір ота бөлмесі ашылады

(0 Votes)

«Amanat» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысында Құрманғазы аудандық ауруханасының бас дәрігері Саида Зұлқашеваның медициналық ахуал, жасалып жатқан жұмыстар туралы хабарламасы тыңдалды.

Ауданымыздың бас дәрігерінің айтуынша ауданымызда 1 аудандық аурухана, 1 емхана, 14 дәрігерлік амбулатория, 17 медициналық және 3 фельдшерлік акушерлік пункт бар. Халық тіркелімі порталы бойынша  48882 тұрғынның  ішінде есепте 9337 туу жасындағы әйел тұр. Аудан бойынша қазіргі уақытта 469 жүкті әйел болса, оның ішінде 69-ы қауіптілігі жоғары топ санатында. Жалпы дәрігердің диспансерлік есебінде 9 мыңға жуық науқас болса, оның ішінде 6500-ден астамы ересектер, 2500-і балалар. 

– 2024  жылы лапароскопиялық ота жасауға арналған аппарат жүйесін  толық іске қосу жұмысы қолға алынып, биылғы жылы алғашқы оталар жасалып, сәтті аяқталды. Өткен жылы аудандық аурухана бойынша 10 маман жұмысқа қабылданып, учаскелер дәрігермен қамтамасыз етілсе, 7 автокөлік сатып алынып, сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында халық игілігі үшін қолданысқа берілді. Сонымен қатар, 2024 жылы екі жыл бойы экономикалық мәселе болып келген несиелік берешек толықтай өтеліп, қазіргі уақытта мекеме ешкімге қарыздар болмай жұмыс атқаруда.

2025 жылдың жоспарында ең бірінші кезекте аурухана мен емхана ғимараттарына күрделі жөндеу жұмысын жүргізу жоспарлануда. Бүгінгі таңда құжаттары жасақталуда. Екінші кезекте жоспарлы ота бөлмесін ашу қарастырылған. Қазір бір ота жасау бөлмесі аудан тұрғындарына қызмет көрсетіп  тұрса, қажетті құрал-жабдықтармен түгел қамтылған екіншісі ашылатын  болады. Мұның тиімділігі арнайы мамандармен халыққа сапалы медициналық көмек көрсетіледі. Әсіресе, инсульттен өлім азаяды. Онкологиялық ауруларға шалдыққандарға жасыл дәліз, олар кезексіз кіргізіледі. Жалпы балаларды жастайынан тістің күтіміне үйрету керек. Себебі, онкологиялық аурулардың көбі тістен басталады, – деген Саида Уақапқызының хабарламасында тегін медициналық көмекпен, дәрі-дәрмекпен, «Жедел жәрдем» қызметімен қамту, дәрігерлік амбулаториялар ашу қамтылды. 

«Amanat» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Есболат Құбашев, комиссия мүшелері Болатбек Өтегенов, Мереке Құмаров, Сандуғаш Қапуова, Оразғали Алғаязов қайтыс болған адамға анықтама алу, скринингтен өту, медициналық сақтандыру, мамандармен қамту және басқа да мәселелер жөнінде сауалдар қойды. Хабарламашының сұрақтарға қайтарған жауаптарына қысқаша тоқталсақ,  қайтыс болған адам онкологиялық, кардиологиялық есепте тұрмаған болса заңдылыққа сай неден өлгенін анықтау үшін Атырауға экспертизаға жіберіледі. Оның қорытындысы шықпайынша қайтыс болғаны жайлы анықтама берілмейді. Жұмыс уақытында скринингтен өткен адамға қажет деп тапса оны растаған анықтама ұсынылады. Алға ауылын «Жедел жәрдем» қызметімен қамтуға халқы, радиусы стандартқа сай келмейді деп бас тартылып отыр. Маман тапшылығына байланысты хабарламашы 24 дәрігер жетіспейтінін, оны шешуге жұмыстанып жатқанын, биыл 1 гинеколог келетінін жеткізді. Сондай-ақ биыл МРТ құрылысы басталатынын қаперге берді. Дәрігерлік амбулаторияларға көлік бөлу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT