Мен 1969 жылы 3 шілдеде Гурьев қаласы, Балықшы ауданында дүниеге келдім. Отбасымызда 5 қыз, екі ұл тәрбиелендік. Әкемізден ерте айырылғандықтан бар ауыртпалық анамызға түсті. Анамыз бәріміздің білім алуымызға қолдау көрсетіп, аналық махаббатына бөледі. Ешкімнен кем етпеді. Зулап жатқан өмір-ай.
Мен кәсіпкерлікке бет бұрып, «Махмудова» жеке кәсіпкерлігін құрғаныма биыл – 20 жыл, «Бахтылы нан» нан-кондитер өнімдерін шығаратын өндіріс орынын ашқаныма – 5 жыл толған екен. Осы уақыттан бері халыққа қызмет етіп, көңілінен шығуға жұмыстанып келемін. Бәрі күні кеше басталған сияқты еді. Ол кезде бүгінгідей жетістіктерге жетемін деп ойламаппын. Өте қиын шақтарда тәуекелдің қайығына мініп, үмітім мен арманымды екі ескегім етіп нарықтың жал-жал толқынды теңізіне қойып кеттім. Содан бері жүзіп келемін. Нарықтың талай дауылдарымен арпалыссам да сағым сынбады, кәсібімді тастамадым, ертеңіме деген сенімім күш беріп, алған бағытымнан қайтпадым. Иә, Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында елімізді жұмыссыздық жайлады. Ер-азаматтар үйде отырып қалды. Ауылдағы дүкен сөрелерінен азық-түлік, тұрмыстық заттар жоғалып халыққа күн көріс қиындады. Сол қиын шақтарда жолдасым Сәлім екеуміз Астрахань қаласына дорбалап балық апарып сатып, отбасымызды асырадық. Шиттей алты бала құстың балапанындай бізге қарап аузын ашып отыратын. Әрине, көрші елге балық тасу оңайға түспейтін. Таңмен кетіп, кешке шаршап-шалдығып үйге жетеміз. Бірақ, басқа күнкөріс көзі жоқ. Адал еңбекке бала шағымыздан дағдыланғанбыз. Өзім де Жастайымнан еңбекке жақын болып өстім. Әкеден ерте айырылғаннан кейін, дүкенде еден жуушы болып істейтін анам отбасының ауыртпалығы өзіне түскеннен кейін бізді де қасына ертетін. Бала болсақта анамызға көмектесуден тартынбайтынбыз. Енді, міне сол еңбекқорлығымның көмегі тиді. Қаладан шемішке, сағыз, басқа да ұсақ заттарды әкеліп саудалайтынмын. Күннің ыстығында, қыстың суығында дүкендердің алдында желдің өтінде отырамын. 2002-2003 жылдардың басында жеке кәсіпкер Еркінбек Халеновтің дүкеніне сатушы болып орналастым. 2004 жылдан бастап Е.Халеновпен, артынан баласымен Астрахань-Атырау-Ақтау бағыттарынан жиһаз тасымалдадық. Осылай 2008-ші жылға дейін жүрдім. 2008 жылы жолдасым Сәлім инсульт алып, жұмысты қоюыма тура келді. Содан үйде отырып тапсырыс бойынша торт, пирог, салаттар жасаумен шұғылдандым. Балаларым кішкентай болса да турасатын. 2006 жылы Забурын ауылында, жол бойында «Айдос» кафесін аштық. Кейін Алматыдан киім-кешек әкеліп саттық. Осы кезде өзіміз еншімізді алып, үй салып, бөлек шықтық. 2008 жылы жолдасыма күтім қажет болғандықтан бәрін жауып, қайтадан үйден тапсырыс бойынша жұмыс жасауға көштім. Сол жылдары тағы да көптеген қиындықтарға кезіктік. Үшінші ұлым Айбар кафеде даяшы болып еңбек етті. Соның ақшасына қарап, күнімізді көрген шақтар басымыздан өтті. Жолдасымның еміне де соның қаражатын пайдаландық. 2009 жылдың қыркүйегінде Б.Бегалиев орта мектебінің сол кездегі директоры марқом Марат Ғилаев асхананы жалға беріп, 150 баланы тамақпен қамту жөнінде ұсыныс жасады. Бастапқыда оны алуға қорқыныш болды. Қандай дегенмен де жауапты жұмыс. Бірақ, бармасам үйде отыра беремін. Бірінші кездерде қайнымның жолдасы келінім екеуіміз пирожки, қамырды үйде илеп алып, мектепке жаяу әкелетінбіз. Астымызда көлік те болған жоқ. Табыс түскен соң қасыма екі жұмысшы алдым. Өстіп, 2009-2011 жылдары мектеп асханасын жалға алып, еңбек еттім. 2011 жылы М.Ғилаевтың ықпалымен аудандық колледжден аспаз куәлігін алдым. 2011-2014 жылдар аралығында мектеп асханасында аспаз болып жұмыс жасадым. 2014 жылы асханаларды қайтадан жеке кәсіпкерлерге берді. Конкурсқа түстік. Бегалиев, Ломоносов мектептерінің асханаларын жалға алуда жеңімпаз ретінде танылдым. Одан кейінгі жылдарда ауданымыздың Қиғаш өңірі, Ақкөл, Еңбекші мектептері директорларының сұранысына орай конкурсқа түсіп, жеңімпаз атанып, асханаларын жалға алып, қызмет көрсеттім. 2018 жылы багет, бородино нандарын үйден пісіріп, дүкендерге тапсырып жүрдім. Оған мұрындық болған Астрахань қаласындағы нан зауытында жұмыс жасайтын сіңлім Нәсіп. Сол қонаққа келгенде маған нан тағамдарын пісіріп көрсетіп, өстіп неге сатпайсың деп ұсыныс тастады. Ауданда жартылай дайындалған тағамдар жоқ болды. Осыны бірінші болып бастасам деген ойға кеттім. 2019 жылы аудан орталығынан шағын дүкен ашып, оның атын «Бақтылы нан» деп қойдым. Тәтті мен ыстық тағамдар (жартылай дайын күйінде) саттық. Басында отбасым көмектесті. Алматыдағы апам келіп қолғабыс етті. Кондитерде – 4 қыз, наубайханада – 4 адам жұмыс жасады. Түнгі аусымда нан шығарамыз. Аталған кондитер цехы мен наубайхана үйдің ауласында орналасты. Қазір кондитерде – 12, наубайханада – 10 адам бар. Қалғандары мектеп асханаларының аспаздары. Барлығы 75 адамды жұмыспен қамтып отырмын. «Бақтылы нан» дүкендер желісінің аясы кеңейіп, өнімдері қол жетімді болып, аудан орталығы мен бірнеше округтерде сатылуда. Қайырымдылық шараларына, аз қамтылған, көп балалы отбасыларына көмек сұрағанда тартынып қалмаймын. Бүгінде жолдасым Сәлім екеуіміз тәрбиелеп өсірген 5 ұл мен 1 қыздан немере-жиен сүйіп отырған бақытты ата-анамыз. Өзім «Күміс алқа» иегерімін. Балаларыма да бәріне адал еңбекпен жетуге болатынын жиі айтып келемін. Шаңырақтағы әрбір адамның бұл кәсіпте өз міндеті бар. Ортақ шаруа – бәрімізді бұрынғыдан да біріктіре түсуде. Сүйікті кәсібімнен қол үзбей, алға қарай да жалғастыра, дамыта бермек ойым бар.
Бақтылы Махмудова, жеке кәсіпкер