Т.Досымовқа!
Отырмын бүгін сағынышымның шебінде,
Дейді бір сезім: бұл сәттен мүлде шегінбе.
Тәтті күндерім, сәтті күндерім кеткендей,
Табылжанның гитарасының шегінде.
Шертілер сыр да, әңгіме созар сөз бөлек,
Еңсені уайым баспайтын шақтар өзгерек.
«Қара сүлігін» арқалап алып Табылжан,
Түн жарымында кіріп келетін «жезделеп».
Үйге кіретін онымен бірге жақсы леп,
Жалынбаймыз да «бір нәрсе бізге тапшы» деп,
Апасының тығындылары шығып ап,
Қаз-қатар тұрар алдымызға келіп сап түзеп.
Әрі-беріден соң Табылжан әуен самғайтын,
Тыншу күй керім, айтса адам бүгін шанбайтын.
Сол үзік сәті, өмірдің шіркін, сағыныш,
Өтіп бір кеткен, өзегімді өртер, қандай күн!
«Тостыру тосты, жаман әдет» дер, ырымға,
«Алайық» деп енді сан қайтара айтар Нұрымжан.
Қауышқан ыстық, бақытты сол бір шақтар-ай,
Келместей болып, мәңгіге басы бұрылған.
«Сүлік қарасы» әуенді төгіп сан керім,
Түреді түндік Табылдың мұңды әндері.
Отырушы едік, қалғып та мүлгіп тапжылмай,
Әуенмен бірге жанымыз тауып мәңгі ерік.
Табылжан жетпес, жатса да бүгін өзге елеп,
Сәніміз бөлек, шертілер сыр да, сөз бөлек.
Нұрымын ертіп, келмейді түнді қақ жарып,
Еркелеп енді, келмейді маған «жезделеп».
Атырауға біздің тауды әкелмекші ерке ұлан,
Жақсыны таңдар ғайыптың мынау дерті лаң.
Тау болып жүзген бес күндік пәни жалғанда,
Қайтемін енді, өзіңді мұң да, шер қылам.
Тазасың нұрдай, жығылды өсек, дау бәрі,
Ізіңнен өскен арман гүлдерің қаулады.
Аспан мен жерді жалғап тұр бүгін Табыл ән,
Осы шығар, қалғыған мәңгі тауларың.
Таңатар Дәрелұлы
Құрманғазы мекені