Табиғатты аялауға атсалысайық!

(0 Votes)

Табиғатты қорғау, аялау – баршамыздың төл міндетіміз. Осы мақсатта әңгіме қозғағанда бақылау мен қадағалау шараларының өз мәнінде жүргізілмеуінен қоршаған ортаны қорғауда елеулі олқылықтарға жол беріліп жатқанын аңғарамыз. Бұл орайда біздің аудан аумағында да жеткілікті жұмыстар атқарылмай отырғандығын атап айтуға болады.

Негізінен ауданымыздың табиғаты байлыққа толы десек қателеспейміз. Қиғаш өзені бойы тал-теректер, орман-тоғайымен жайқалса, теңіз жағалауы мен Шарон өзені ну қамыс пен қоға, жасыл-желектерімен айналаны көріктендіріп тұрады. Одан басқа арқырап тұрған айдын-көлдеріміз қаншама. Осының бәрінде балықтың неше түрлері, қиқулаған құстар, аңдар өсіп, табиғатымызды сәндендіріп отыр. Өлкемізді тамашалауға республикамыздың түкпір-түкпірінен, жақын-алыс шет елдерден де келіп-кетушілер аз емес. Ал, осындай тамаша асыл қазынамызды көздің қарашығындай мәпелеп, заңдылық талаптарын сақтауда аудан тұрғындары да, басшы және жауапты органдар да нәтижелі іс–шараларды ұйымдастырып, ағаттықтар жібермеуге, көпшілік арасында үгіт-насихат, түсінік жұмыстарын пәрменді жүргізуге ерекше назар аудармай келеді.

Шынын айту керек, ең қасиетті – жер анамызды пайдалануда, оны күтіп, қадірлеп баптауда қаншама берекетсіз іс-әрекеттер орын алуда. Тіпті негізгі игілігіміз – шабындық және жайылым жерлер бапталмайды, қоршалып күтімге алынбайды. Шабындықтар да қысы-жазы мал ұстағандықтан шөптің құнарлылығы мен өсімі азайып, жер қуаңданып барады.

Екінші мәселе – балық аулау жайы. Әрине, соңғы жылдары бұл салада көптеген игі істер жүзеге асуда. Бірақ та балықты қорғау және өсіру жағдайы көңіл көншітпейді. Соның ішінде шабақ құтқару шаралары дұрыс жүргізілмей отыр. Өр суы қайтқаннан кейін бөлініп қалған көлшіктерде шабақтардың қырылу фактілері жыл сайын көбеюде. Бұл жұмысты кейінгі жылдары ауылдық округтерге міндеттеп қойған. Ол - дұрыс мәселе емес, себебі, біріншіден округтерде аулау құралдары мен транспорт жоқ, сонымен қатар қаржы жағдайы шешілмеген. Сондықтан да атқарушы және табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу, төтенше жағдайлар мен ауылшаруашылығының басшы органдары қаржы көзін іздестіріп, тендер жариялап, шабақ құтқару ісімен айналысатын жауапты орындар белгілеуі тиіс.

Сондай-ақ Қиғаш, Шарон өзендері бойындағы жаға-жайлардың көрікті әрі демалатын жерлері көп. Осыны тұрғындар өз еріктерімен пайдаланып, ойларына келгенін істейді, қай жерге барсаң да жағалар лас-қоқысқа толы. Тіпті демалушылардың ұқыпсыздығынан өрт оқиғалары да жиі-жиі орын алып жүр. Осыған байланысты әрбір округ заң талаптары негізінде тынығу орындарын нақтылап, ішкі істер бөлімімен бірлесіп тұрғындар тәртіпсіздігінің шарасын алса деген ұсыныс бар.

Маусымдық қамыс өртеу, шабу орындары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 26 қыркүйектегі №593 «Республикалық маңызы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың тізбесін бекіту туралы» Қаулысымен бекітіліп, Ереже мемлекеттік маңызы бар су объектілерінің тізбесіне енгізілген. Қазақстан Республикасының Су кодексінің 130 бабының 3 тармағына сәйкес ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілері аумағында қамыс шабуға және құрғақ өсімдіктерді өртеуге, орман ағаштарын тамырымен жұлуға, балық уылдырық шашатын өзендердің арналарын өңдеуге тыйым салынады делінген. Жер кодексінің ережелерінде күз-көктем мезгілдерінде қамыс өртеуге рұқсат етілмейтіндігі қаперге берілген. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі №175 «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңының 73 бабында Еділ (ҚР шегінде) Жайық өзендерінің атыраптарын қоса Солтүстік Каспийдің шығыс бөлігінің су айдыны, Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі балық қорын сақтау мен бекіре тұқымдас және балықтың басқа да бағалы түрлерінің мекендеуі мен табиғи молығуының оңтайлы жағдай жасауға арналған мемлекеттік қорық аймағына кіретіндігі көрсетілген. Сондықтан «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңының 40 бабына сәйкес, мемлекеттік табиғи қорықтың аумағында қорықтық күзет режимі белгіленгендігін аудан тұрғындарының назарда ұстауын жөн санаймыз.

Құрметті оқырман, дала өрті жыл сайын белең алып, түрлі қиындықтарға кездесіп келеміз. Бірнеше жүздеген жайылым жерлер от-жалынға оранып, төрт түлік малымыз зардап шегіп жүргенін жақсы білесіздер. Каспий теңізі жағасы мен шабындық аралдарындағы қалың қамыс пен қоғаға өрт қою арқылы, аң мен құстарды құртып, табиғатқа елеулі нұқсан келтірудеміз. Одан бөлек ауамызды тұмшалап, тынысымызды тарылтып отырған әрекеттерге не айтамыз? Осыған байланысты дала және қамыс өртеуге нақты тосқауыл қойып, қатаң бақылауға алатын мезгіл жетті. Сол себепті де өміріміздің кепілі – табиғатымызды аялап, қорғаудағы заң талаптарының мүлтіксіз орындалуына баршамыз болып белсенді қатысайық деген пікірдеміз. Бұл күрделі мәселенің түйінін шешуге көпшіліктің атсалысып, қолдау көрсетуі – маңызды міндет.

Б.Жүгінісов аудандық

мәслихат хатшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT